Жаңалықтар

АЛМАТЫДА ҒЫЛЫМ МЕН ЖОҒАРЫ БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІК ӨКІЛДЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Алматы қаласында отандық ғылым мен жоғары білімді дамытуға елеулі үлес қосқан бірқатар ғалымдар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары марапатталды.

Салтанатты шара барысында ғылым саласында ұзақ жылдар бойы нәтижелі еңбек етіп, ғылыми зерттеулерімен және педагогикалық қызметімен ерекшеленген зерттеуші-ғалымдарға «Ерен еңбегі үшін» медалі, Қ.И. Сәтбаев, Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, Д.А. Қонаев, Күлтегін және М.О. Әуезов атындағы арнайы сыйлықақылар табысталды. Сонымен қатар, ғылыми әлеуетті дамытуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік ғылыми стипендия лауреаттары марапатталды.

Аталған марапаттарды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев салтанатты түрде табыстады.

Аталған марапат иелерінің қатарында Дулати университетің PhD, қауымдастырылған профессоры, «Химия және химиялық технология» кафедрасының меңгерушісі Маржан Калмаханова да бар. Маржан Сеитқызына дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия табысталды.

Марапат иелерін министр Саясат Нұрбек құттықтап, еліміздің білім және ғылым саласын дамытуға аянбай еңбек еткен оқытушылар мен ғалымдардың ерен еңбегін ерекше атап, алғысын білдірді.