Жаңалықтар

Астанада «Жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету: қазіргі жағдайы және даму перспективалары» форумы өз жұмысын бастады

2026 жылғы 15–16 қаңтар күндері Назарбаев университетінің алаңында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған форум өтуде. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары, халықаралық сарапшылар, аккредитациялық агенттіктер мен кәсіби қоғамдастық өкілдері қатысуда.

15 қаңтарда форумның бірінші жұмыс күні өтті, ол жоғары білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз етудің практикалық аспектілеріне арналды. Бағдарлама аясында ASIIN және QAA халықаралық воркшоптары ұйымдастырылып, университеттерді халықаралық аккредиттеуге даярлау кезіндегі жиі кездесетін қателіктер, тиімді тәсілдер және сапаны қамтамасыз етудегі сыртқы стейкхолдерлердің рөлі талқыланды.

Сонымен қатар, НААР воркшобы барысында білім беру қызметтерінің экспорты және халықаралық аккредитацияның озық тәжірибелері қарастырылды. ҚР ҒЖБМ-ға қарасты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ректорларымен кеңес өтті.

Талқылаулар тәжірибелік бағытта өтіп, білім беру бағдарламалары мен басқарушылық үдерістердің сапасын арттыруға арналған нақты құралдар мен тәсілдерге арналды.

Форум өз жұмысын жалғастыруда. Ертең ғылыми қызмет нәтижелерінің сапасын бағалау, мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру тақырыптарындағы секциялық отырыстар мен ҚР ҒЖБМ басшылығы мен халықаралық сарапшылардың қатысуымен пленарлық отырыс өтеді.