Жаңалықтар

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ МҰРАСЫ – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Университет қабырғасында «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығы мен «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Бауыржан Момышұлының мұрасы – ұлттық рухтың қайнар көзі» атты облыстық дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – Бауыржан Момышұлының әдеби және ерлік мұрасын ғылыми тұрғыдан талдау, оның ұлттық рухты қалыптастырудағы рөлін аша түсу.

Дөңгелек үстелдің модераторы – «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ алғы сөз алып, батыр шығармаларының тәрбиелік және тарихи мәнін жеткізді. Сонымен қатар, мұндай ғылыми басқосулардың жас зерттеушілерге серпін беретінін, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосатынын айтып, қатысушыларға өзара пікір алмасуда белсенді болуға шақырды.

Дөңгелек үстелде барысында мамандар мазмұнды баяндамалар ұсынды. ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, әдебиеттанушы Бақытжан Мақашев, «Бауыржан Момышұлы шығармаларындағы ұлттық рух мәселесі» тақырыбында баяндама жасап, батыр қаламгердің рухани мұрасына талдау жүргізді. Ал, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, жазушы-журналист, бауыржантанушы Меңдібай Әбілұлы «Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романының біз білмейтін құпиялары» туралы тың деректер ұсынды. Орталық қызметкерлері Гаухар Самбетова мен Динара Дүйсенова өз ойларын білдіріп, мазмұнды сұрақтар мен ұсыныстарын ұсынды.

Жиын соңында ұйымдастыруға және талқылауға белсенді атсалысқан бірқатар қатысушыларға Алғыс хаттар табысталды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.