Жаңалықтар

БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігімен жүзеге асырылған Дүниежүзілік банктің «Орта білім беруді жаңғырту» жобасы нәтижелерінің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде 12 мамыр мен 5 маусым аралығында «Инклюзивті білім беру моделін оқыту» тақырыбында 80 сағаттық біліктілікті арттыру курсы аяқталды. 

Оқыту бағдарламасына университеттің 170-тен астам оқытушысы қатысты. Курсты «Педагогикалық психология» кафедрасының профессоры, психология ғылымдарының кандидаты Махаббат Оспанбаева әзірледі. Оқыту жұмыстарын «Арнайы және әлеуметтік педагогика» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Гаухар Санай мен Инклюзивті білім беру саласының ұлттық сарапшысы Қарлығаш Жолдасова жүргізді. Курсты ұйымдастыруға «Онлайн оқытуды қолдау» орталығының мамандары да белсенді атсалысты.

Бағдарлама онлайн және офлайн форматта, синхронды және асинхронды режимде өткізілді. Қатысушылар білім беру платформасы арқылы теориялық материалдарды меңгеріп, практикалық тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар, оқытушылар ерекше білім беру қажеттіліктері бар білімгерлерді оқыту, инклюзивті білім берудегі бірлескен тәжірибелер, ата-аналармен серіктестік, жеке білім беру бағдарламаларын әзірлеу, психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, оқытудың әмбебап дизайны мен сараланған оқыту әдістері бойынша білімдерін жетілдірді.

Курс соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Қатысушылар оқыту бағдарламасының мазмұны мен ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға беріп, алғыстарын білдірді.