М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығымен бірлесіп, Шу ауданы Төле би атындағы орта мектеп базасында «Мектеп–ЖОО–Кіші академия коллаборациясы: жасанды интеллект ресурстарын сабақта қолдану арқылы білім сапасын арттыру аспектілері» тақырыбында көшпелі тәжірибелік семинар ұйымдастырды.
Семинар мақсаты – жоғары оқу орны мен жалпы орта білім беру ұйымдары арасындағы серіктестікті нығайту, педагог кадрларды даярлау сапасын арттыру. Сонымен қатар, жасанды интеллект технологияларын оқу-тәрбие үдерісіне тиімді енгізудің жаңа бағыттарын айқындау.
Семинар барысында білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған 5 педагогикалық коллаборациялық алаң жұмыс істеді.
«Ғылымдағы ЖИ» академиялық алаңында еліміздің жетекші ғалымдары Клара Бұзаубакова, Оңғарбек Әліпбеки, Құрманкүл Толеутайқызы жасанды интеллекттің ғылым мен білімді дамытудағы стратегиялық рөліне тоқталып, оның болашақтағы инновациялық мүмкіндіктерін талқылады. Форсайт-сессия барысында ЖИ технологиясының білім саласын трансформациялаудағы драйверлік әлеуеті туралы ғылыми тұжырымдар ұсынылды.
«ЖИ – мұғалімнің ассистенті» алаңында жаңашыл педагогтер жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде қолданудың тиімді әдістемелерін таныстырып, тәжірибелік кейстермен бөлісті.
«ЖИ – заманауи менеджер» әдістемелік алаңында мектепті басқару жүйесінде цифрлық технологияларды енгізудің жолдары қарастырылды. Төле би атындағы орта мектеп директоры Ардақ Төлепбаева білім беру ұйымын басқарудағы инновациялық тәжірибесін ұсынып, қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды.
«Жасанды интеллектпен болашаққа бағдар» жобалық алаңында «Дулати» педагогикалық сыныбының студенттері білім беру жүйесіндегі ЖИ рөлін талдап, өздігінен білім алудағы цифрлық құралдардың маңызын атап өтті.
Семинар барысында дарынды балаларға арналған «Академик Клара Бузаубакова атындағы Кіші Академия» базасында «Педагог мамандығының ерекшеліктері: AI-Pedagog» тақырыбында педагогикалық хакатон өткізілді. Сайысқа ғалымдар мен тәжірибелі ұстаздар қатысты. Сонымен қатар, «Жасанды интеллектіні тиімді қолдану арқылы білім сапасын арттыру аспектілері» атты жаңа оқу-әдістемелік құралдың тұсаукесері өтті.
Сондай-ақ, Төле би атындағы орта мектеп пен М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті арасындағы әріптестік байланыс жаңа деңгейге көтеріліп, білім беру саласындағы цифрлық трансформацияны дамытуға бағытталған маңызды қадам жасалды. Тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, оның аясында бірлескен ғылыми-әдістемелік жобаларды жүзеге асыру, тәжірибе алмасу және педагог кадрлардың кәсіби дамуын қолдау бағыттары одан әрі кеңейтілді.
Семинар қорытындысында білім беру үдерісінде жасанды интеллект ресурстарын тиімді қолдануға арналған әдістемелік ұсыныстар әзірленіп, арнайы резолюция қабылданды. Инновациялық іс-тәжірибесімен ерекшеленген педагогтер мен әдіскерлер М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаеваның арнайы сертификаттары және Алғыс хаттарымен марапатталды.




