Жаңалықтар

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ – БОЛАШАҚҚА БАҒДАР!

Университет қабырғасында Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева «Экономика және құқық» факультетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында еліміздегі саяси науқан және алдағы республикалық референдум аясындағы өзекті мәселелер қаралды. Ректор Ата Заңда білім мен ғылымға басымдық берілетінін, қабылдануы жоспарланып отырған конституциялық өзгерістердің еліміздің дамуы үшін маңыздылығын атап өтті. Университет ұжымы қоғамдағы жауапты кезеңдерде белсенділік танытып, референдумға қатысуға шақырылды.

Жиында оқу бағдарламаларының тиімділігі мен олардың университеттің экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету мәселелері де қаралды. Тиімсіз немесе оқу жүктемесіне ауырлық туғызатын бағдарламаларды қайта қарау, докторантура ашу мүмкіндіктері қарастырылды. Университет басшылығы ешкімнің еңбек құқықтары мен мүдделерін бұзбай, жұмыс жағдайларын жақсартуға ерекше мән беретінін айтты. Сонымен қатар, қаржы көздерін қарастыру, инвесторлармен жұмыс жасау, өңірге келіп жатқан кәсіпкерлік ұйымдарға мамандар дайындау арқылы қосымша қаржы тарту мәселелері көтерілді.

Жиын ашық форматта өтіп, профессор-оқытушылар құрамы білім беру бағдарламаларын жетілдіру, ғылыми жобаларды дамыту және заманауи технологияларды енгізу бойынша ұсыныстарын білдірді. Университет басшысы айтылған пікірлерді назарға алып, жауапты қызметкерлерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Кездесу соңында факультетті дамытудың басым бағыттары айқындалып, алдағы кезеңге арналған нақты жұмыс жоспарлары бекітілді.