Жаңалықтар

БІЛІМ САПАСЫ МЕН КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР БОЙЫНША КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Университет қабырғасында Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева Жаратылыстану ғылымдары факультетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездесу өткізді.

Кездесу мақсаты – факультеттің білім беру сапасын арттыру, ғылыми әлеуетін күшейту және стратегиялық даму бағыттарын айқындау. Сонымен қатар, алдағы республикалық референдум аясында ұсынылған конституциялық өзгерістерді түсіндіру арқылы ашық диалог алаңын қалыптастыру.

Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева жиын барысында, ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын бастамалар аясындағы ашық әрі мазмұнды пікір алмасудың маңызын ерекше атап өтті. Университет – тек білім мен ғылымның ордасы ғана емес, ел болашағына бейжай қарамайтын, саналы да жауапты азаматтарды қалыптастыратын тағылымды орта екенін сөз етті. Ректор профессор-оқытушылар құрамды белсенділік танытуға, өз көзқарасын еркін білдіруге және мемлекет дамуындағы өз орнын сезінуге шақырды. Ашық диалог алаңы әрбір ұстазға ой-пікірін саралап, болашақ шешімдерге саналы түрде қатысуға мүмкіндік беретіні атап өтілді. 

Сонымен қатар, жиында білім беру бағдарламаларын жаңарту және жетілдіру мәселесіне басымдық берілді. Атап айтқанда, оқу үдерісінің сапасын арттыру мақсатында әдістемелік қолдау тетіктерін кеңейту, заманауи талаптарға сай зертханалар ашу және оларды жаңа технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Білім беру мен ғылымды ұштастыру, өндіріс орындарымен байланыс орнату және дуалды оқыту элементтерін енгізу бағытындағы жұмыстарды жүйелеу мәселесі көтерілді. Университетке қосымша қаржы көздерін тарту, ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруға ұсыну, инвесторлармен әріптестік орнату арқылы материалдық-техникалық базаны нығайту міндеттері белгіленді. Жаратылыстану бағыты бойынша магистратура және докторантура бөлімдерін ашу, ғылыми кадрлар даярлау ісін күшейту қажеттігі атап өтілді.

Жиын ашық форматта өтіп, профессор-оқытушылар құрамы білім беру бағдарламаларын жетілдіру, ғылыми жобаларды дамыту және заманауи технологияларды енгізу бойынша ұсыныстарын білдірді. Университет басшысы айтылған пікірлерді назарға алып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Кездесу соңында факультетті дамытудың басым бағыттары айқындалып, алдағы кезеңге арналған нақты жұмыс жоспарлары бекітілді.