Жаңалықтар

БІРЛІК ПЕН БОЛАШАҚ ЖОЛЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ЖИЫН ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Университет қабырғасында Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында еліміздегі маңызды саяси науқан аясындағы өзекті мәселелер сөз болды. Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева Ата Заңда білім мен ғылымға айрықша басымдық беріліп отырғанын атап өтіп, қабылданғалы жатқан конституциялық өзгерістердің ел дамуы үшін маңыздылығына тоқталды. Университет ұжымы қоғамдағы жауапты кезеңдерде белсенділік танытып, республикалық референдумға қатысуы қажеттігі айтылды. Ректор өз сөзінде, университет – тек білім мен ғылым ордасы ғана емес, ел болашағына бейжай қарамайтын, саналы әрі жауапты азаматтарды қалыптастыратын орта екенін ерекше атап өтті. Ата Заң аясында білім мен ғылымды дамытуға жасалып отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдалану – баршамыздың ортақ міндетіміз екені жеткізілді.

Жиында оқу үдерісін жетілдіру мәселелері де кеңінен талқыланды. Педагогикалық жүктеменің көптігі салдарынан оқытушылардың шығармашылық және ғылыми жұмыстарға уақыт табуы қиындап отырғаны айтылып, бұл бағытта тиімді реттеу тетіктерін қарастыру қажеттігі көтерілді. Ғылыми ізденіске жағдай жасау – сапалы білімнің кепілі екені баса айтылды. Сонымен қатар, шет тілін оқыту сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Университетте шет тілдерін тереңдетіп оқытуды дамыту,  IELTS сертификаты бар оқытушыларды анықтап, солардың тәжірибесі негізінде жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосу ұсынылды. Шет тілінен сабақ беретін ұстаздарды көтермелеу және кәсіби дамуына қолдау көрсету қажеттігі айтылды.

Алдағы уақытта лингофон кабинеттерін жаңғырту, заманауи интерактивті тақталармен қамтамасыз ету, оқу аудиторияларын жаңа технологиялық құрал-жабдықтармен толықтыру жоспарлары да сөз болды. Білім беру бағдарламаларын жаңарту, ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруға ұсыну, қосымша инвестиция тарту арқылы материалдық-техникалық базаны нығайту міндеттері белгіленді.

Жиын ашық форматта өтіп, профессор-оқытушылар құрамы білім беру бағдарламаларын жетілдіру, ғылыми жобаларды дамыту және заманауи технологияларды енгізу бойынша ұсыныстарын білдірді. Университет басшысы айтылған пікірлерді назарға алып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Кездесу соңында факультетті дамытудың басым бағыттары айқындалып, алдағы кезеңге арналған нақты жұмыс жоспарлары бекітілді.