Университет қабырғасында «Дизайн және сән индустриясы» кафедрасының ұйымдастыруымен «Болашақ мамандығым – дизайнер!» тақырыбында мазмұнды әрі маңызға ие дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – заманауи дизайнердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың өзекті мәселелерін талқылау, дизайн қызметі саласында білім беру мен өңірлік бизнес арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту арқылы тәжірибе алмасу. Сонымен қатар, студенттік ғылыми үйірмелер жұмыстарының нәтижелері мен мектеп және колледж оқушыларының шығармашылық жобалары негізінде болашақ талапкерлермен тиімді интеграция тетіктерін айқындау.
Жиынға дизайн бағытындағы бакалавриат пен магистратураның студенттері, кафедраның профессор-оқытушылар құрамы, университеттің құрылымдық бөлімшелері және өңірдегі білім беру ұйымдары мен бизнес өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел модераторы, «Дизайн және сән индустриясы» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Сұлушаш Байжанова сөз алып, басқосудың маңыздылығына тоқталды. Ол дизайнер мамандығының қоғамдағы рөлі артып келе жатқанын сөз етіп, білім беру бағдарламаларын заман талабына сай жетілдіру қажеттігін жеткізді. Ал, Технологиялық факультеттің деканы Абилхан Садибаев 2026–2027 оқу жылына арналған жоғары оқу орындарына қабылдау ережелеріне тоқталып, талапкерлер үшін қарастырылған жаңа мүмкіндіктерді тілге тиек етті. Ол дизайн бағытындағы білім беру бағдарламаларына қызығушылық жыл сайын артып келе жатқанын жеткізді.
Жиын барысында заманауи дизайн білімінің өзекті мәселелері, креативті индустриядағы жаңа бағыттар, еңбек нарығындағы өзгерістер, дуалды оқыту жүйесінің тиімділігі, жас дизайнерлердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру тетіктері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, ЖК «Кан» директоры Кан Людмила Чун-Гуновна дизайн саласында бизнес құру жолдарының ерекшеліктерін баяндап, креативті индустриядағы табысты жобалардың тәжірибесімен бөлісті. Ол нарық талаптарына бейімделу, бренд қалыптастыру және клиентпен тиімді жұмыс жүргізу дизайнер үшін аса маңызды екенін атап өтті. Ал, «Suret Design» өнер орталығының директоры Ақбота Мамбеталы дарынды жастардың шығармашылық қабілеттерін қолдау мен дамыту мәселесін көтерді. Ол жасөспірімдердің өнерге қызығушылығын ерте жастан байқап, жүйелі түрде бағыт-бағдар беру қажет екенін жеткізді. Өнер орталығының оқушылары өздерінің шығармашылық даму жолы туралы баяндап, дизайнер мамандығын таңдауға не түрткі болғанын айтты. Олар шығармашылық еркіндік пен кәсіби өсу мүмкіндіктерін осы салада көретіндерін атап өтті. Сонымен қатар, «Дизайн» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранты Д. Абраимов дизайнер портфолиосының кәсіби қызметтегі маңызына тоқталып, сапалы портфолио маманның еңбек нарығындағы басты құжаты екенін жеткізді. Ол портфолио арқылы дизайнердің жеке стилі мен кәсіби деңгейі айқындалатынын атап өтті.«Самғау» ЖК директоры Айдос Бикеев дизайнердің заманауи кәсібі мен еңбек нарығы талаптарының өзара байланысын сөз етіп, дуалды білім беру жүйесінің тиімділігін жеткізді. Оның айтуынша, өндіріс пен білім беру арасындағы тығыз байланыс бәсекеге қабілетті маман даярлаудың негізгі кепілі болып табылады. Ал, ЖК «РИАН» Интерьер студиясының дизайнері Екатерина Смирнова 2026–2027 оқу жылдарына арналған дизайн бағытындағы білім беру бағдарламаларын дамыту жоспарын талқылап, жұмыс берушілер тарапынан қойылатын нақты талаптарды атап өтті. Өз сөзінде, тәжірибелік дағдыларды күшейту мен нарыққа бейімделген жобаларды көбейту қажеттігін жеткізді.
Жиын соңында қатысушылар студенттік ғылыми үйірмелер жұмыстарының нәтижелерімен танысып, білім алушылардың шығармашылық жобаларын тамашалады. Ұсынылған жұмыстар кәсіби деңгейі мен жаңашылдығы тұрғысынан жоғары бағаланды. Еркін форматта пікір алмасу ұйымдастырылып, айтылған ұсыныстар мен пікірлер білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, жұмыс берушілермен байланысты нығайтуға және болашақ дизайнерлердің кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.




