Жаңалықтар

«БҮКІР» РОМАНЫ РУХАНИ ДЕФОРМАЦИЯ ТҰРҒЫСЫНАН ТАЛҚЫЛАНДЫ

Университет қабырғасында онлайн және офлайн форматта мазмұнды әрі өзекті рухани-әдеби жиын ұйымдастырылып, онда қазіргі қазақ прозасындағы маңызды туындылардың бірі — «Бүкір» романы кеңінен талқыланды. TED-стиліндегі әдеби кездесу «Есболат Айдабосынның “Бүкір” романы: рухани деформация және әлеуметтік шындық» тақырыбында өтті. Ұйымдастыру комитеті: «Журналистика және филология» кафедрасы мен «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығы.

Басқосудың мақсаты – жазушы Есболат Айдабосынның «Бүкір» романының көркемдік-идеялық мазмұнын жан-жақты саралау арқылы ондағы рухани дағдарыс, әлеуметтік қайшылықтар және адам болмысының ішкі күйзеліс иірімдерін ғылыми тұрғыдан зерделеу. Сонымен қатар, қазіргі қазақ әдебиетіндегі өзекті мәселелерді талқылау, әдебиет арқылы қоғамдағы құндылықтар трансформациясын түсіндіру және жастардың сыни ойлау қабілетін дамытуға ықпал ету.

Модератор әрі филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ сөз алып, «Бүкір» романының бүгінгі қазақ әдебиетіндегі салмақты шығармалардың бірі екенін атап өтті. Профессор туындының жеке тұлға тағдыры арқылы қоғамдағы күрделі рухани және әлеуметтік проблемаларды терең бейнелейтінін жеткізді. Сонымен қатар, мұндай әдеби талқылаулар жастардың ой-өрісін кеңейтіп, сындарлы көзқарасын қалыптастыруда айрықша маңызға ие екенін айтты. Ал, «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Альбина Мақсұтова «Бүкір» романы әлеуметтік ақиқатты көркем бейнелеу арқылы құнды екенін және оны жан-жақты ғылыми тұрғыда қарастыру қажет екенін тілге тиек етті.

Жиын барысында ғалымдар мен сарапшылар туындыны жан-жақты талдады. Онлайн форматта «Бүкір» романының авторы Есболат Айдабосын шығарманың жазылу барысы мен негізгі идеясына тоқталып, романның өзегі «рухани бүкірею» ұғымын ашу екенін айтты. Автордың пікірінше, қоғамдағы әділетсіздік пен жалған құндылықтар адам жанына терең із қалдырып, тұлғаның ішкі әлемінде қайшылықтар туындатады. Жазушы шығармасында осы әлеуметтік-психологиялық құбылыстарды көркем шындық арқылы көрсету көзделгенін жеткізіп, романдағы әрбір кейіпкердің тағдыры жалпы қоғамдағы рухани хал-ахуалмен тығыз сабақтас екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Журналистика»кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Балзия Баешова жиынға онлайн қатысып, «Бүкір» романының қоғамдағы күрделі тақырыптарды батыл көтерген туынды екенін жеткізді. Ол шығармада әлеуметтік мәселелердің ашық әрі нақты көрініс табуы қазіргі әдебиеттің жауапкершілік деңгейін айқындайтынын айтып, мұндай еңбектердің қоғамдық санаға ықпал ету әлеуеті жоғары екенін білдірді.

Ал, офлайн форматта «Журналистика және филология» кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Меруерт Көпбаева шығарманың психологиялық терең қабаттарына назар аударса, «Журналистика және филология» кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Асима Нусупова авторлық қолтаңба мен тілдік-стильдік ерекшеліктерін жан-жақты талдады. Сонымен қатар, жас зерттеуші, журналист Нұрсұлтан Рахымбаев романның жастар үшін өзектілігін айқындап, оны әлеуметтік зерттеу объектісі ретінде қарастыруға болатынын жеткізді. Ол осыған мазмұндас материалдың «Aq jol» газетінде «Бүкір» романынан бұрын жарық көргенін атап өтіп, екі туынды арасындағы ұқсастықтарға назар аударды. Мектеп мұғалімі Қарлығаш Абдрахманова шығарманың оқушылардың дүниетанымын қалыптастырудағы рөлін атап өтіп, қазіргі таңда мектеп оқушылары арасында кеңінен талқыланып жатқанын айтты. Студент Нұрсұлтан Нұрхожаев кейіпкердің ішкі арпалысы бүгінгі жастардың көңіл күйімен үндес екенін жеткізді.

Жиын соңында қатысушылар роман төңірегіндегі өз ойларын ортаға салып, шығармадағы негізгі идеялар мен кейіпкерлер болмысына қатысты пікірлерін білдірді. Әдеби туындының көркемдік ерекшеліктері мен көтерген әлеуметтік мәселелері кеңінен талданып, әртүрлі көзқарастар тоғысты. Белсенді қатысушылар марапатталып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.