Жаңалықтар

«ДАМУ» КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ҚОРЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті қабырғасында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры «ашық есік» күнін өткізді.

Кәсіпкерлерді қолдау, студенттерге қажетті ақпараттарды ұсыну, мемлекет пен кәсіпкер арасында диалог орнату мақсатында ұйымдастырылған жиынға кәсіпкерлер, банк қызметкерлері және студенттер қатысты.

Дулати университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева ұйымдастырылған шара студенттер үшін қажетті боларына сенім білдіріп, жастар өздерінің стартап жобаларын болашақта кәсіпкерлікке ұластыруға және тағылымдамадан өтуге мүмкіндіктері барын атап өтті.

«Даму» қорымен байланысты нығайту мақсатында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева мен «Даму» қорының Басқарма Төрағасының орынбасары Мұрат Бапаев өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Ашық есік күні аясында Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев бүгінгі таңда кәсіпкерлерді қолдау мақсатында атқарып жатқан жұмыстарға тоқталды. Өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, өнеркәсіп және қазіргі таңда қолға алынған жобалар туралы мәлімет берді.

«Даму» қорының мамандары мемлекеттік қолдау түрлері, несие беру бойынша жеңілдік, субсидияландыру, қаржылық емес қолдау, кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру бойынша қажетті ақпараттарды беріп, баяндама жасады.

Ашық есік күні кәсіпкерлерге, жастарға жеке кеңес беру жұмысымен жалғасты.