Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында «Ұлы дала ойшылдары: рухани мұра және қазіргі қоғам» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ұйымдастыру комитеті: М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығы.
Ғылыми жиын 2026 жылғы 20 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып, ұлы ойшылдар әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты насихаттауға бағытталды.
Дөңгелек үстелдің ашылуында «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, PhD доктор, қауымдастырылған профессор Альбина Мақсұтова кіріспе сөз сөйлеп, «Ұлы дала ойшылдарының қазақ руханиятындағы орны» тақырыбында баяндама жасады.
Жиын барысында ғалымдар мен зерттеушілер ұлы ойшылдардың мұраларының тарихи және рухани маңызын талқылады. Атап айтқанда, тарих магистрі, аға оқытушы Рита Сентаева «Қожа Ахмет Ясауи хикметтеріндегі адамгершілік қағидалары» тақырыбында дәріс оқыды. Сонымен қатар, тарих магистрі, аға оқытушы Назым Биназарова «Абай философиясындағы толық адам ілімі» тақырыбында баяндама жасап, ұлы ақынның адам тәрбиесіндегі философиялық тұжырымдарын талдады. Ал, тарих магистрі, аға оқытушы Замира Сейдан «Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи және Абай ілімдерінің рухани сабақтастығы» тақырыбында баяндама жасап, үш ойшылдың рухани-философиялық идеяларының өзара байланысына тоқталды. «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының аға қызметкері Гаухар Самбетова «Ұлттық құндылықтар және қазіргі қоғамдағы рухани тәрбие» тақырыбында баяндама жасап, ұлттық мұраның жастар тәрбиесіндегі маңызын атап өтті. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің докторанты Рахат Тобажанов «Махмұт Қашқари еңбегіндегі өңір тарихы туралы деректер» тақырыбында баяндама жасап, ортағасырлық деректердің тарихи маңызын саралады.
Дөңгелек үстел соңында студенттер мен жас зерттеушілер өз ой-пікірлерін білдіріп, ұлы дала ойшылдарының мұрасын қазіргі қоғамда кеңінен насихаттау, ғылыми тұрғыда зерттеу және жастар тәрбиесінде тиімді пайдалану мәселелерін жан-жақты талқылады. Қатысушыларға Алғыс хаттар табысталып, жылы лебіздер жеткізілді.


