Жаңалықтар

ДУЛАТИ СТУДЕНТІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Атырау қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен XVІІІ Республикалық студенттік пәндік олимпиада «Музыка мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша өтті. Байқау Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің базасында ұйымдастырылды.

Олимпиаданың мақсаты – болашақ музыка мұғалімдерінің музыкалық аспапты меңгеру деңгейін, орындаушылық шеберлігін анықтау. Сонымен қатар, жас буынның кәсіби құзыреттілігін арттыру арқылы шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Аталған білім сайысына Атырау, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Орал, Ақтөбе, Арқалық және Петропавл қалаларынан 24 студент қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің 4 курс студенті Марьям Азим жоғары нәтиже көрсетіп, ІІІ дәрежелі диплом иегері атанды. Студенттің жетекшісі – «Музыка және көркемдік білім» кафедрасының доценті Сейсенбі Бейсеуов.

Жеңімпазды құттықтаймыз! Алдағы уақытта да шығармашылық табыс, биік белестер мен жаңа жетістіктер тілейміз!