Жаңалықтар

ДУЛАТИ СТУДЕНТТЕРІ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МҮМКІНДІКТЕРМЕН ТАНЫСТЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті мен Жамбыл облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Кәсіби бағдар және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері» атты мамандықтар жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңке мақсаты – студенттерге полиция қызметінің ерекшеліктері мен артықшылықтарын түсіндіру арқылы бос жұмыс орындары туралы ақпарат беру, жастардың кәсіби бағдарын қалыптастыру және болашақ мамандарды мемлекеттік қызметке тарту.

Жиынды Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайсар Сұлтанбаев алғы сөзбен ашып, құқық қорғау органдарының қоғамдағы рөлі мен полиция қызметінің маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде, ел ішіндегі тыныштық пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау – полиция қызметінің негізгі міндеті екенін атап өтіп, бұл саладағы жұмыс жоғары тәртіп пен кәсіби жауапкершілікті талап ететінін жеткізді. Жастарды мемлекеттік қызметке белсенді араласуға шақырып, департамент тарапынан жас мамандарға қолайлы еңбек жағдайлары жасалып, олардың кәсіби дамуына барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын айтты.

Ал, Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева университет пен жұмыс беруші мекемелер арасындағы серіктестіктің маңыздылығына тоқталды. Ол қазіргі таңда білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау екенін атап өтті. Ректор студенттердің кәсіби дамуы тек аудиториядағы теориялық біліммен шектелмеуі тиіс екенін, олардың тәжірибелік дағдыларды нақты өндірістік ортада қалыптастырудың маңызды рөл атқаратынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, Жамбыл облысы Полиция департаментіне көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, екіжақты ынтымақтастықтың алдағы уақытта да нәтижелі жалғасатынына сенім білдірді. Университет басшысы оқу орны әрдайым жастардың кәсіби қалыптасуына қолдау көрсетіп, олардың сапалы білім алып, ел дамуына үлес қосатын білікті маман болып қалыптасуына жағдай жасайтынын жеткізді.

Жиын барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті мен Жамбыл облысы Полиция департаменті арасында екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумға қол қою рәсімі өтті. Құжат екі тарап арасындағы өзара әріптестікті нығайтуға және бірлескен жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруға негізделген. Меморандум аясында студенттердің өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктерін кеңейту, түлектерді жұмысқа орналастыруға қолдау көрсету, құқық қорғау саласы үшін білікті мамандар даярлау ісін жетілдіру жоспарланған.

Салтанатты рәсімнен кейін Жамбыл облысы Полиция департаменті Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ғалымжан Уразбеков сөз алып, студенттерге полиция қызметіне қабылдау тәртібі туралы жан-жақты ақпарат берді. Атап айтқанда, үміткерлерге қойылатын талаптар, бос лауазымдар, қызмет бағыттары, әлеуметтік кепілдіктер және мансаптық өсу мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар, жастарға qyzmet-police.kz электрондық платформасының жұмысын таныстырып, сайт арқылы тіркелу, қажетті құжаттарды онлайн форматта тапсыру және өтінім беру тәртібін егжей-тегжейлі баяндады. Өз кезегінде студенттер сауалдарын қойып, толыққанды жауаптар алды. Белсенділік танытқан студенттерге  алғыс ретінде естелік сыйлықтар табысталды.

Жәрмеңке аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, онда полиция қызметкерлері өздерінің күнделікті қызметінде қолданылатын құрал-жабдықтар мен техникалық мүмкіндіктерін таныстырды. Көрмеге қызметтік қару-жарақ үлгілері, қорғаныс жабдықтары, байланыс құралдары және жедел әрекет ету барысында пайдаланылатын заманауи техникалар қойылды. Студенттер жабдықтардың қолданылу тәртібі мен қызметтік маңызын мамандардың түсіндірмесі арқылы жан-жақты танып білді.

Көрмеден кейін Ләззат Қалымбекқызы және Қайсар Әбілекұлы шет тілдерін жетік меңгерген студенттермен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында жастардың тілдік құзыреттілігі, көптілді білім беру жағдайында қалыптасқан кәсіби дайындығы және құқық қорғау саласындағы болашақ мансаптық мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, студенттер халықаралық деңгейде жұмыс істеу, шетел азаматтарымен өзара әрекеттесу және құқық қорғау органдарында тілдік білімді қолданудың маңыздылығы жөнінде өз пікірлерін ортаға салды.

Жиын соңында университет аумағында қызметтік иттердің қатысуымен арнайы көрсетілім өтті. Кинологиялық қызмет өкілдері есірткі заттарын іздеу, күдікті заттарды анықтау және жедел іздестіру жұмыстары барысында қызметтік иттердің атқаратын рөлін тәжірибе жүзінде көрсетті. Көрсетілім барысында арнайы дайындалған иттердің командаларды дәл орындауы мен жоғары дайындық деңгейі көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Қатысушылар жәрмеңкенің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді.