М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жұмысын жалғастыруда. Осы орайда, университет басшылығы мен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Чжэцзян ғылыми-техникалық университетінің (ZSTU) өкілдері арасында онлайн форматта кездесу ұйымдастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша Дулати университетіне 2026 жылдың 28–30 маусымы аралығында Ханчжоу қаласында өтетін халықаралық ғылыми форумға қатысуға ресми шақырту жолданды. Аталған басқосуға университет атынан профессор-оқытушылар құрамының екі өкілі қатысып, ғылыми баяндамалар жасайды. Делегация Қазақстанның қолданбалы және инженерлік ғылым салаларындағы жетістіктерін таныстырып, ғылыми зерттеу нәтижелерімен бөліседі.
Форум бағдарламасы аясында қатысушылар ZSTU университеті мен оның серіктес ұйымдарының ғылыми-зерттеу зертханалары, тәжірибелік орталықтары және инновациялық кластерлерінің жұмысымен танысады. Сонымен қатар, форум Азия, Еуропа және басқа да өңірлерден келген ғалымдар мен зерттеушілердің басын қосып, тәжірибе алмасуға, жаңа ғылыми байланыстар орнатуға және бірлескен жобаларды талқылауға мүмкіндік береді. Университет өкілдері Қытайдың білім беру тәжірибесімен танысып, озық оқыту әдістерін зерделейді.
Форум қорытындысы бойынша халықаралық ғылыми дерекқорларда индекстелетін басылымдарда мақалалар жариялау жоспарлануда. Бұл өз кезегінде, университет оқытушыларының ғылыми белсенділігін арттырып, оқу орнының халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерін жақсартуға ықпал етеді.
Халықаралық алаңда өтетін кездесулер мен пікірталастар болашақта бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, академиялық ұтқырлықты дамытуға және ғылыми жарияланымдар санын арттыруға жол ашады. Сонымен қатар, форум барысында жинақталған тәжірибе университеттің білім беру бағдарламаларын халықаралық талаптар мен заманауи үрдістерге сәйкес жетілдіруге негіз болады.
Мұндай деңгейдегі халықаралық форумға шақырылу Дулати университетінің шетелдік әріптестер тарапынан сенімді әрі білікті серіктес ретінде танылып отырғанын көрсетеді. Университет өкілдеріне халықаралық форум жұмысына табысты қатысып, жаңа ғылыми жетістіктер мен нәтижелі серіктестіктерге қол жеткізулеріне тілектеспіз!
