Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ КЕҢІСТІКТЕ ЖАҢА БАЙЛАНЫСТАР ОРНАТТЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің делегациясы Индонезия Республикасының астанасы Джакарта қаласында өткен халықаралық білім беру көрмесіне қатысты.

Басқосу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі және екі елдің елшіліктерінің қолдауымен ұйымдастырылып, «Gandhi Memorial Intercontinental School» базасында өтті.

Жиын мақсаты – екі ел арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту, жоғары білім беру бағдарламаларын халықаралық деңгейде насихаттау және академиялық байланыстарды кеңейту.

Көрме барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің өкілдері бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларын таныстырып, университеттің ғылыми жетістіктері, халықаралық жобалары, академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері және Қазақстанда шетелдік студенттердің білім алу перспективалары туралы жан-жақты ақпарат берді. Оқу орнына Индонезия мектептерінің 100-ден астам түлегі, жоғары оқу орындарының студенттері, ата-аналар мен білім беру ұйымдарының өкілдері ерекше қызығушылық танытты. Жеке консультациялар барысында қатысушыларға оқуға қабылдау талаптары, білім беру бағдарламалары, академиялық ұтқырлық, ғылыми тағылымдамалар, халықаралық алмасу бағдарламалары және шетелдік білім алушыларды қолдау шаралары жөнінде толық мәлімет ұсынылды. Сонымен қатар, көрме қонақтары университеттің ғылыми мектептері мен зерттеу орталықтарының қызметімен, халықаралық білім беру жобаларымен және кәсіби әрі академиялық дамуға арналған мүмкіндіктерімен танысты.

Халықаралық көрме аясында Дулати университетінің делегациясы Риау университеті және Сұлтан Сиариф Касим атындағы Риау мемлекеттік ислам университетімен ресми кездесулер өткізді. Кездесуде тараптар көпжылдық ынтымақтастықтың нәтижелерін талқылап, алдағы кезеңдегі бірлескен жобалардың бағыттарын айқындады.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті мен Индонезияның жоғары оқу орындары арасындағы әріптестік 2022 жылдан бастау алады. Сол жылы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылып, ұзақ мерзімді академиялық серіктестіктің негізі қаланды. 2022 жылдан бастап, Индонезиялық профессорлар Дулати университетіне шақырылып, биология, автоматтандыру және педагогика бағыттарында дәрістер мен ғылыми жұмыстар жүргізді. 2024–2025 жылдары ынтымақтастық кеңейіп, оқыту үдерісіне биология, физика, информатика, тарих, химия, географияны оқыту әдістемесі, тұрақты даму, полимәдени білім беру және ағылшын тілі бағыттары бойынша халықаралық мамандар тартылды. Ғалымдар магистранттар мен докторанттарға ғылыми жетекшілік жасап, бірлескен зерттеулер мен ғылыми жарияланымдарға атсалысты. 2025 жылы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Дулати университетінің студенті Риау университетінде білім алып, халықаралық тәжірибе жинақтады.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге келісті. Атап айтқанда, қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосу, жазғы және қысқы мектептер ұйымдастыру, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық ғылыми басылымдарда нәтижелерді жариялау жоспарланды. Сонымен қатар, Дулати университетінің оқытушылары үшін үш халықаралық грант тарту туралы келісім жасалды. 2026 жылдың күзгі семестрінде университет оқытушылары Риау мемлекеттік ислам университетінде «Математика», «Медиакоммуникациялар» және «Полимәдени білім беру және ағылшын тілін оқыту әдістемесі» бағыттары бойынша дәріс оқитын болады.

Аталған кездесулер мен келісімдер Дулати университетінің халықаралық академиялық кеңістіктегі позициясын нығайтып, Қазақстан мен Индонезия арасындағы білім және ғылым саласындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін қалыптастырды.