Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТТІ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің делегациясы Индонезия Республикасының астанасы Джакарта қаласына жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында Дулати университетінің делегациясы Риау университеті және Сұлтан Сиариф Касим атындағы Риау мемлекеттік ислам университетімен ресми кездесулер өткізді. Кездесуде тараптар көпжылдық ынтымақтастықтың нәтижелерін талқылап, алдағы кезеңдегі бірлескен жобалардың бағыттарын айқындады.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті мен Индонезияның жоғары оқу орындары арасындағы әріптестік 2022 жылдан бастау алады. Сол жылы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылып, ұзақ мерзімді академиялық серіктестіктің негізі қаланды. 2022 жылдан бастап индонезиялық профессорлар Дулати университетіне шақырылып, биология, автоматтандыру және педагогика бағыттары бойынша дәрістер оқып, ғылыми жұмыстар жүргізді. 2023 жылы педагогика және білім беру саласының маманы профессор Райханидің шақырылуымен ынтымақтастық одан әрі дами түсті. 2024–2025 жылдары ынтымақтастық кеңейіп, оқу үдерісіне биология, физика, информатика, тарих, химия, географияны оқыту әдістемесі, тұрақты даму, полимәдени білім беру және ағылшын тілі бағыттары бойынша халықаралық мамандар тартылды. Ғалымдар магистранттар мен докторанттарға ғылыми жетекшілік етіп, бірлескен зерттеулер мен ғылыми жарияланымдарға қатысты. 2025 жылы Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Дулати университетінің студенті Риау университетінде білім алып, халықаралық тәжірибе жинақтады.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге келісті. Атап айтқанда, қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосу, жазғы және қысқы мектептер ұйымдастыру, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық ғылыми басылымдарда нәтижелерді жариялау жоспарланды. Сонымен қатар, Дулати университетінің оқытушылары үшін үш халықаралық грант тарту туралы келісім жасалды. 2026 жылдың күзгі семестрінде университет оқытушылары Риау мемлекеттік ислам университетінде «Математика», «Медиакоммуникациялар» және «Полимәдени білім беру және ағылшын тілін оқыту әдістемесі» бағыттары бойынша дәріс оқитын болады.

Аталған кездесулер мен келісімдер Дулати университетінің халықаралық академиялық кеңістіктегі позициясын нығайтып, Қазақстан мен Индонезия арасындағы білім және ғылым саласындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін қалыптастырды.