Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕРІКТЕСТЕРМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУДА

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде  Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының делегациясымен ресми кездесу өткізді.

Басқосу мақсаты — университеттің халықаралық ынтымақтастық бағытындағы байланыстарын нығайту және екіжақты серіктестікті одан әрі дамыту.

Басқосуға Корея Республикасы тарапынан Генеральды консул Ха Тэ Ук, консулдық қызметкер Ким Сун А және консулдық өкіл Арай Нурмаканова қатысты.

Кездесу барысында Дулати университеті мен Оңтүстік Кореяның жетекші жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік байланыстардың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары жан-жақты қарастырылды. Атап айтқанда, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту, студенттер мен оқытушылардың алмасуын дамыту, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру және корей тілін оқыту сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бүгінде университет Оңтүстік Кореяның бірқатар жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз әріптестік орнатқан. Олардың қатарында Сангмён университеті, Гёнгнам ғылым және технологиялар ұлттық университеті және Вусонг университеті бар. Аталған серіктестік аясында студенттер мен оқытушылар халықаралық академиялық ортада тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болып отыр. Сонымен қатар, қазіргі таңда университетте 138 студент корей тілін меңгеруде. Олар тіл үйренумен қатар, мәдени, ғылыми және әлеуметтік іс-шараларға белсене қатысып келеді. Бұл өз кезегінде жастардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына ықпал етуде.

Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және жаңа бірлескен білім беру, ғылыми және мәдени жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екендерін атап өтті. Сонымен қатар, делегация мүшелері университеттің халықаралық деңгейдегі белсенділігіне және білім беру саласындағы серіктестік бастамаларына жоғары баға беріп, алғыстарын жеткізді.