Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН ЧЖЭЦЗЯН ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

29 қыркүйекте Ханчжоу қаласында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің делегациясы мен Чжэцзян ғылыми-техникалық университеті  арасында жұмыс кездесуі өтті. Қытай тарапынан кездесуге университет проректоры Чэнь Айси қатысты.

Чжэцзян ғылыми-техникалық университетінің проректоры Чэнь Айси Дулати университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаеваны қарсы алып, университеттің білім беру, ғылыми зерттеулер және өнеркәсіппен ықпалдастық салаларындағы басым бағыттарын таныстырды. Қытай тарапы нақты жобаларды дамытуға және екі университет арасындағы байланыстарды тереңдетуге мүдделі екенін білдірді.

Кездесу аясында төртжақты ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. Құжат білім беру, ғылыми зерттеулер, мамандар даярлау және бірлескен жобаларды іске асыру бағытында серіктестікті практикалық тұрғыдан дамуға негіз қалайды.

Кездесу барысында тараптар тоқыма ғылымы, киім дизайны, жаңа материалдар, инженерлік білім беру, жасанды интеллект, цифрландыру және мәдени мұраны зерттеу салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Сондай-ақ бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, оқытушылар мен студенттердің академиялық алмасуын кеңейту, магистранттар мен докторанттарға бірлесіп жетекшілік ету және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу мәселелеріне назар аударды.

Дулати университетінің Басқарма Төрағасы - Ректор Ләззат Еркінбаева өз сөзінде Тараздың Ұлы Жібек жолындағы тарихи орнына тоқталды. Ол ежелгі Тараз арқылы тауармен қатар білім, технология, көркемдік дәстүрлер мен идеялар тарағанын атап өтіп, бүгінде осы сабақтастықты білім беру, ғылым, цифрлық технологиялар және мамандарды бірлесіп даярлау арқылы жалғастыру қажет екенін айтты.

Ләззат Қалымбекқызы Чжэцзян ғылыми-техникалық университетінің тоқыма ғылымы, киім дизайны, жаңа материалдар, инженерлік даярлық және жасанды интеллект салаларындағы жоғары құзыреттерін ерекше атап өтті. Бұл бағыттар Дулати университетінің тоқыма, жеңіл өнеркәсіп, дизайн, цифрландыру және мәдени мұраны зерттеу салаларындағы мүмкіндіктерімен өзара үйлеседі.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – Қазақстанда инженерлік-техникалық кадрларды қайта даярлауға арналған шетелдік институт құру бастамасы болды. Болашақ алаң қысқа мерзімді бағдарламаларды, оқытушылар мен кәсіпорын мамандарының біліктілігін арттыруды, бірлескен оқу модульдерін әзірлеуді және заманауи өндірістік технологияларды трансферттеуді қамтуы мүмкін.

Чжэцзян ғылыми-техникалық университеті Жоғары мектебінің деканы Пан Сюйвэй «Шетелдегі үздік инженерлер колледжі» жобасы туралы арнайы баяндама жасады. Ол Қазақстан университеттерінің студенттеріне арналған инженерлік магистратура бағдарламасының тұжырымдамасын таныстырды. Ұсынылған модель университеттер мен кәсіпорындардың бірлескен қабылдауын және даярлауын, оқу мен өндірістік тәжірибені кезектестіруді, сондай-ақ қытайлық, қазақстандық және кәсіпорын үш жетекшінің қатысуын көздейді.

Бағдарламаның болжамды ұзақтығы екі-үш жылды құрайды: білім алушылар даярлықтың бастапқы кезеңін Қазақстандағы серіктес университеттер мен кәсіпорындарда, кейінгі кезеңін Чжэцзян ғылыми-техникалық университетінде өткізеді. Тараптар оқу жоспарларын, кредиттерді өзара тануды, қабылдау шарттарын, кәсіпорындардың қатысуын және ағылшын тілінде оқыту мүмкіндігін одан әрі нақтылауға уағдаласты.

Тараптар сондай-ақ «Жібек жолы» цифрлық және интеллектуалды киім жөніндегі бірлескен зертхананың қызметіне ерекше назар аударды. Зертхана бірлескен зерттеулер, академиялық алмасу, прототиптер әзірлеу, ғылыми жарияланымдар мен патенттер дайындау, сондай-ақ университеттер мен кәсіпорындардың өзара іс-қимылы үшін практикалық платформа ретінде қарастырылды.

Кездесуде болашақта тоқыма, цифрлық сән, жаңа материалдар, дәстүрлі қолөнер және креативті индустриялар саласында жұмыс істейтін университеттердің кең халықаралық желісін қалыптастыру мүмкіндігі де талқыланды. Дулати университеті осы бастамаға Орталық, Шығыс және Оңтүстік Азиядағы жоғары оқу орындары мен серіктестерді тартуға дайын екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұсынылған бастамаларды нақтылау және практикалық жобаларды кезең-кезеңімен іске қосу бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Ләззат Еркінбаева қытайлық әріптестерді көне Тараз қаласына және Дулати университетіне сапармен келуге шақырды.