Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІ ӨҢІРЛІК ИННОВАЦИЯЛЫҚ-ИНДУСТРИЯЛЫҚ ХАБ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫН АЙҚЫНДАДЫ

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ұйымдастыруымен «DULATY – Оңтүстік инновациялық-индустриялық хабы» атты өңірлік форум жоғары деңгейде өтті.

Форум мақсаты – ғылым, білім және бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, өңірдің инновациялық әлеуетін дамыту, университеттің ғылыми-зерттеу қызметін өндіріс қажеттіліктерімен ұштастыру арқылы ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға қолдау көрсету. Сонымен қатар, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетін Оңтүстік Қазақстанның инновациялық-индустриялық хабы ретінде қалыптастыруға бағытталған тұрақты диалог алаңын құру.

Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, ірі өндірістік кәсіпорындардың басшылары, бизнес қауымдастықтар, ғылыми ұйымдар, инвесторлар, өңірдің жетекші сарапшылары мен Жамбыл облысының 200-ге жуық кәсіпкері қатысты.

Форум жұмысы басталмас бұрын қатысушылар назарына университеттің ғылыми-инновациялық жетістіктерін таныстыруға арналған «DULATY EXPO» көрмесі ұсынылды. Көрмеде ғылыми зерттеулердің нәтижелері, коммерцияландыруға дайын технологиялық шешімдер, стартап-жобалар және ғылыми зертханалардың қызметі таныстырылып, ғылым мен өндіріс арасындағы ықпалдастықтың нақты үлгілері көрсетілді. Қатысушылар ғылыми әзірлемелердің практикалық маңызымен танысып, олардың өңір экономикасының түрлі салаларында қолданылу мүмкіндіктеріне баға берді. Көрме барысында университет ғалымдары мен зерттеушілері өз жобаларының ерекшеліктері мен артықшылықтарын таныстырып, кәсіпкерлер мен өндіріс өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Форум жұмысы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы жолдаған құттықтау хатымен басталды. Министр құттықтауында қазіргі таңда жоғары оқу орындарының өңірлік дамудағы рөлінің артып келе жатқанын атап өтіп, ғылымды коммерцияландыру, инновациялық экожүйе қалыптастыру және ғылыми әзірлемелерді экономиканың нақты секторына енгізу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, форум жұмысына табыс тілеп, ғылым мен бизнестің серіктестігі еліміздің тұрақты экономикалық дамуының негізгі факторларының бірі екенін жеткізді.

Форумның негізгі бөлігінде М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева «Дулати университеті – Оңтүстік Қазақстанның инновациялық-индустриялық хабы» тақырыбында кең көлемде баяндама жасады. Өз сөзінде, ректор Дулати университетінің өңірдегі ғылым, білім және өндірісті біріктіретін жетекші орталықтардың біріне айналып келе жатқанын атап өтті. Айтуынша, қазіргі заманғы университет тек білім берумен шектеліп қалмай, жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдердің бастамашысы болуға тиіс. Баяндамасында Ләззат Қалымбекқызы университеттің ғылыми әлеуетін дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Соңғы жылдары оқу орнында ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, зертханалар заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылды. Ғалымдардың ғылыми жобаларға қатысу белсенділігі артып, халықаралық ғылыми ұйымдармен әріптестік байланыстар кеңейгені атап өтілді. Ректор университеттің негізгі стратегиялық мақсаттарының бірі – ғылыми нәтижелерді нақты өндіріске енгізу екенін тілге тиек етті. Осы бағытта өндіріс орындарымен бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды дамытуға басымдық беріліп келеді. Бүгінде университеттің бірқатар ғылыми жобалары өңірдегі кәсіпорындардың нақты өндірістік мәселелерін шешуге бағытталған. Сонымен қатар, университет базасында инновациялық экожүйе қалыптастыру бағытындағы бастамалар таныстырылды. Атап айтқанда, «DULATY» технопаркін құру, технологияларды трансферлеу орталығын іске қосу, корпоративтік кафедралар желісін кеңейту, өндірістік кәсіпорындармен бірлескен зерттеу алаңдарын ұйымдастыру және «Endowment» қорын дамыту мәселелері сөз болды.

Форум барысында өңірдің ірі кәсіпорындарының басшылары сөз сөйлеп, өнеркәсіп саласындағы өзекті мәселелер мен даму перспективаларын талқылады. Кәсіпорын өкілдері өндірістегі технологиялық жаңғырту, білікті кадрлар даярлау, ғылыми сүйемелдеу және инновациялық шешімдерді енгізу бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев өңірдегі индустриялық жобалардың жүзеге асырылуы, кәсіпкерлікті қолдау шаралары және инновациялық экономиканы дамыту бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Ал, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Айдар Абдықадыров ғылым мен бизнестің әріптестігі жөнінде баяндама жасап, өңір кәсіпкерлерінің ғылыми сүйемелдеуге деген сұранысы жылдан-жылға артып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, өндірістік кәсіпорындардың технологиялық жаңғыруы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін пайдалану ерекше маңызға ие.

«ТаразКожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Еркін Абдыбаев өңір өнеркәсібінің қазіргі жағдайына тоқталып, кәсіпорындардың алдында тұрған негізгі міндеттер мен оларды шешудің жолдары туралы баяндады. Ол өндірістегі инновациялар мен ғылыми сүйемелдеудің маңызын атап өтіп, жоғары оқу орындарымен бірлескен жобаларды дамыту қажеттігін айтты.

Форум аясында университет пен бизнес қауымдастығы арасында бірқатар маңызды келісімдер жасалды. Атап айтқанда, М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті мен «Атамекен» Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы және «ТаразКожОбувь» ЖШС арасында өзара ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған екіжақты меморандумға қол қойылды.

Құжаттар тараптардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесіп жүзеге асыруына, инновациялық жобаларды дамытуына, кадр даярлау сапасын арттыруға және ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізуге бағытталған.

Дулати университетінің Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова баяндама жасап, Ресей химия-технологиялық университеті филиалының химия өнеркәсібі үшін жоғары білікті мамандар даярлаудағы рөлі мен стратегиялық маңызына тоқталды. Химия өнеркәсібі – өңір экономикасының маңызды бағыттарының бірі болғандықтан, осы салаға бейімделген білікті мамандарды даярлау бүгінгі таңда өзекті міндеттердің қатарында екені айтылды. Филиал базасында іске асырылып жатқан оқу үдерістері теория мен практиканы ұштастыруға бағытталғаны, студенттердің өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктері кеңейіп келе жатқаны ерекше атап өтілді.

«Ғылым және коммерцияландыру» панелі аясында ғылыми жобаларды қаржыландыру, ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізу, бизнес пен университет арасындағы ынтымақтастықтың жаңа тетіктері талқыланды. Атап айтқанда, Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасы және байланыс орталығының басшысы Ерлан Нұрмаханбетов ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қатысты салықтық жеңілдіктердің артықшылықтарын түсіндірді. Ал, Дулати университетінің Коммерцияландыру бөлімінің басшысы Гүлзат Искакова ғылыми әзірлемелерді бизнес қажеттілігіне бейімдеу тәжірибесі мен университет пен кәсіпорындар арасындағы ғылыми серіктестіктің ерекшеліктеріне тоқталды.

ҚазСтандарт ұйымының Жаңа қызметтерді енгізу басқармасының басшысы Болат Абайұлы форумға онлайн қатысып, сапа инфрақұрылымы саласындағы сервистік сүйемелдеу мәселелері бойынша баяндама жасады. Ол арнайы экономикалық аймақтар мен инвестициялық жобаларды қолдау бағытында көрсетілетін жаңа қызметтер туралы ақпарат берді. Онлайн форматта қатысқан «Ғылым қоры» АҚ Технологияларды коммерцияландыру департаментінің директоры Серік Мажикенов ғылыми коммерциялық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурстарының мүмкіндіктері туралы айтып, кәсіпкерлер мен ғалымдарды белсенді қатысуға шақырды.

Форумның «Стартаптар және технологиялық кәсіпкерлік» панелі аясында университеттің ғылыми зертханаларының мүмкіндіктері таныстырылып, ғылымды коммерцияландырудың табысты тәжірибелері көрсетілді. 

Форумның ең маңызды бөлігінің бірі – «Dulaty Startup Pitch» сессиясы болды. Сессияда университет ғалымдары өздерінің ғылыми жобаларын бизнес өкілдері мен әлеуетті инвесторларға таныстырды. Жобалар қатарында жүн негізіндегі биооқшаулағыш материалдар, нан өнімдерінің ауруларына қарсы биологиялық белсенді кешен, су ресурстарын басқарудың интеллектуалды жүйесі, жүгері қалдықтарынан жасалған экологиялық сүзгілер, мұнай мен суды бөлуге арналған инновациялық наноматериалдар, кәсіпкерлерге арналған жасанды интеллект шешімдері, органикалық биотыңайтқыштар және құрылыс индустриясына арналған жаңа технологиялар ұсынылды.

Ашық пікірталас барысында қатысушылар өңірдің инновациялық-индустриялық дамуына қатысты ұсыныстарын білдіріп, ғылым мен бизнес арасындағы байланысты одан әрі нығайту жолдарын талқылады.

Форум соңында арнайы резолюция қабылданды. Құжатта университет жанынан Индустриялық кеңес құру, «Endowment» қорын қалыптастыру, «DULATY» технопаркін іске қосу, корпоративтік кафедралар желісін дамыту, «DULATY HUB 2030» жол картасын әзірлеу және технологияларды трансферлеу орталығын құру жөніндегі негізгі бастамалар бекітілді. Аталған шешімдер ғылым, білім және өндіріс арасындағы өзара байланысты күшейтуге, өңірдің инновациялық-индустриялық дамуын жеделдетуге және университеттің стратегиялық әлеуетін арттыруға бағытталды.

Басқосу соңында қатысушылар форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, ғылыми және іскерлік ортаға осындай мазмұнды алаң ұсынғаны үшін университет басшылығына алғыс білдірді.