М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің қауымдастырылған профессоры Айсұлу Тұрарова академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында 1–15 желтоқсан аралығында Түркияның Болу Абант Иеззет Байсал университетінде тәжірибе алмасуда.
Болу Абант Иеззет Байсал университетінің проректоры Prof. Dr. Mustafa KUNDAKC екі университет арасындағы халықаралық ынтымақтастық пен әріптестікті одан әрі дамыту мәселелерін жан-жақты қамту, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, оқытушылар мен студенттердің тәжірибе алмасуын жүйелеу сынды бағыттар ерекше назарға алу мақсатында келісімшартқа қол қойды.
Сапар барысында профессор Айсұлу Тұрарованы кафедра меңгерушісі Prof.Dr.Halit Karatay қабылдап, екіжақты әріптестік мәселелері талқыланды. Бағдарламаның маңызды құрамдас бөлігі ретінде Prof.Dr.Enver Kapağan жетекшілігімен «Ғылыми зерттеу негіздері» пәні бойынша сабақ өткізілді. Сабақ барысында ғылыми-зерттеу әдіснамасының теориялық негіздері, зерттеу үдерісінің кезеңдері, эмпирикалық деректерді жинау және талдау тәсілдері қарастырылып, студенттер мен оқытушылардың зерттеу құзыреттілігін арттыруға арналған практикалық тапсырмалар орындалды.
Академиялық ұтқырлық оқытушылар мен білім алушылардың ғылыми әлеуетін арттыруға, халықаралық академиялық ортада интеграциялануына, білім сапасын жақсартуға және инновациялық тәжірибелерді меңгеруге мүмкіндік беретін маңызды процесс болып табылады.
М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті алдағы уақытта Түркияның жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

