Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАҺАНДЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІ ДАМЫТУДА МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ ЖАСАДЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің делегациясы Джакарта қаласында өткен халықаралық университетаралық форумға қатысты. Басқосу Индонезия университеті базасында өтіп, Қазақстан мен Индонезия арасындағы жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталды. Форум Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен екі елдің елшіліктерінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Форумға екі елдің 30-ға жуық жоғары оқу орны қатысып, академиялық ұтқырлық, бірлескен ғылыми зерттеулер және халықаралық білім беру бағдарламаларын дамыту мәселелері талқыланды.

Форум барысында Дулати университеті өзінің білім беру, ғылыми-зерттеу және халықаралық әлеуетін таныстырып, жоғары білікті мамандар даярлау, ғылыми жобаларды іске асыру және шетелдік серіктестермен бірлескен жұмыстардың нәтижелерін ұсынды.

2022 жылдан бері қалыптасқан серіктестік аясында оқу ордасы Сұлтан Шариф Қасым атындағы Мемлекеттік ислам университетімен және Риау университетімен бірлескен ғылыми зерттеулер, профессорлар алмасу, дәрістер мен семинарлар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.

Форум аясында Дулати университеті Мультимедиа Нусантара университеті, Джакарта мемлекеттік университеті және Телеком университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Жаңа келісімдер аясында қос диплом бағдарламаларын әзірлеу, жазғы және қысқы мектептер ұйымдастыру, студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуын кеңейту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық гранттық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, келіссөздер нәтижесінде үш халықаралық грант тартылып, 2026 жылдың күзгі семестрінен бастап Дулати университетінің оқытушылары Индонезиядағы серіктес жоғары оқу орнында «Математика», «Медиакоммуникациялар» және «Полимәдени білім беру және ағылшын тілін оқыту әдістемесі» бағыттары бойынша дәріс беретін болады.

Форум соңында Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова бастаған Дулати университетінің делегациясы ұйымдастырушыларға және серіктес жоғары оқу орындарына жылы қабылдау мен жемісті ынтымақтастық үшін алғыс білдірді.