Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ФАКТЧЕКИНГ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде Ақпарат және медиакоммуникация орталығы мен «Журналистика және филология» кафедрасының ұйымдастыруымен «Ақпараттық қауіпсіздік және фактчекинг: заманауи құралдар мен әдістер» тақырыбында әдістемелік семинар өтті. 

Басқосуға Жамбыл облысының Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер және бітіруші түлектер қатысты.

Семинар мақсаты – ақпараттық кеңістіктегі өзекті мәселелерді талқылау, қоғамдағы медиасауаттылықты дамыту арқылы ақпараттың шынайылығын тексеру дағдыларын жетілдіру. Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы заманауи құралдар мен әдістерді насихаттау.

Модератор әрі «Журналистика және филология» кафедрасының аға оқытушысы Бақытжан Махашов алғы сөз алып, қазіргі таңда ақпараттың қоғам өміріндегі рөлі бұрынғыдан да арта түскенін атап өтті. Айтуынша, ақпарат ағынының қарқын алуы бір жағынан мүмкіндіктерге жол ашса, екінші жағынан жалған мәліметтердің, манипуляциялық контенттің және ақпараттық шабуылдардың көбеюіне себеп болғанын сөз етті. Ақпаратпен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін меңгеру, ақпаратты тексеру дағдыларын жетілдіру және медиасауаттылық деңгейін көтеру уақыт талабы екенін тілге тиек етті.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Аппарат басшысы Мирас Тұрғынбаев құттықтау сөз алып, бүгінгі таңда ақпараттық қауіпсіздік мәселесі тек медиа саласының ғана емес, тұтас қоғамның маңызды бағытына айналғанын жеткізді. Ол цифрлық технологиялардың дамуы жаңа мүмкіндіктермен қатар жауапкершіліктер жүктейтінін атап өтті. Сонымен қатар, университетте білімгерлердің кәсіби даярлығын арттырумен қатар, олардың цифрлық құзыреттіліктерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Мұндай семинарлар жастардың заман талабына сай білім алып, кәсіби көзқарасын қалыптастыруына ықпал ететін маңызды бастамалардың бірі екенін жеткізді.

Семинар барысында қатысушылар ақпараттық қауіпсіздік, фактчекинг, медиасауаттылық және цифрлық технологиялар тақырыптарында өзара пікір алмасты. Атап айтқанда, Жамбыл облысының «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» директоры Алмат Сәдуақас қазіргі ақпараттық кеңістікте күн сайын мыңдаған ақпарат таралатынын, олардың барлығы бірдей шынайы бола бермейтінін атап өтті. Спикер ақпаратты тұтыну мәдениетінің қалыптасуы қоғам үшін маңызды екенін айтып, азаматтардың ақпарат көздерін саралап, деректердің дұрыстығын тексеруге дағдылануы қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, жалған ақпараттың қоғамдық пікірге, әлеуметтік тұрақтылыққа және азаматтардың шешім қабылдауына әсер етуі мүмкін екенін атап өтіп, ақпаратты қабылдау барысында жауапкершілік танытудың маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде, ақпараттық гигиена ұғымының мәнін түсіндіріп, интернет пен әлеуметтік желілердегі ақпараттық қауіптерге назар аударды. Аудиторияның медиасауаттылық деңгейін арттыру жалған ақпараттың таралуын азайтуға мүмкіндік беретінін айтып, ақпараттық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізудің маңызын атап өтті.

Ал, «Jambyl» телеарнасының шеф редакторы Жалғас Саңғыл кәсіби журналистиканың қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы кеңінен әңгімеледі. Ол ақпарат тарату ісінде жеделдік пен дәлдіктің қатар жүруі қажеттігін атап өтіп, журналистиканың басты міндеті қоғамға сенімді әрі тексерілген ақпарат ұсыну екенін жеткізді. Сонымен қатар, спикер өңірлік журналистиканың даму ерекшеліктеріне тоқталып, ақпаратты әзірлеу барысында қолданылатын тәжірибелік тәсілдер туралы айтты. Жалғас Саңғыл ақпараттық технологиялардың дамуы журналистика мамандығына жаңа талаптар қойып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі журналист тек ақпарат жинаушы ғана емес, ақпараттың шынайылығын саралайтын, деректерді салыстыратын және аудиторияға түсінікті түрде ұсына алатын әмбебап маман болуы тиіс. Ол кәсіби тәжірибесінде кездескен мысалдар арқылы жалған ақпараттың таралу салдары мен оны дер кезінде анықтаудың маңыздылығын түсіндірді.

Сонымен қатар, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС Цифрлық контент орталығының жетекшісі Нұрсұлтан Мелсұлы медиа саласындағы технологиялық өзгерістерге тоқталды. Соңғы жылдары жасанды интеллекттің көптеген салаларға енгізіліп жатқанын, оның ішінде журналистика мен медианың да бұл үдерістен тыс қалмағанын айтты. Спикер жасанды интеллекттің мәтін дайындау, ақпаратты өңдеу, визуалды материалдар әзірлеу, аудитория талдауын жүргізу және контент өндіру үдерістеріндегі мүмкіндіктері жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар, жаңа технологиялардың жұмыс тиімділігін арттырып, уақытты үнемдеуге ықпал ететінін атап өтті. Дегенмен технологияларды пайдалану кезінде адам факторының маңыздылығы сақталатынын айтып, ақпараттың сапасы мен сенімділігі әрқашан бірінші орында тұруы тиіс екенін жеткізді.

Ақпарат және медиакоммуникация орталығының басшысы Зағипа Абдуллаева қорытынды сөз сөйлеп, семинар жұмысына жоғары баға берді. Бүгінгі басқосуда көтерілген мәселелердің барлығы қазіргі қоғам үшін маңызды екенін атап өтіп, спикерлерге белсенділігі үшін алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар, университет алдағы уақытта да медиа саласының мамандарымен бірлескен жиындарды жалғастырып, тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыру көзделетінін айтты.

Басқосу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, ой бөлісті. Сондай-ақ, Бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына елеулі үлес қосқан және оқу барысында жоғары нәтижелер көрсеткен бітіруші түлектер Алғыс хаттармен марапатталды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.