Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ БАЙЛАНЫСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Erasmus+ International Credit Mobility бағдарламасы мен AP26195231 «Ағынды суларды тазартуға арналған циклдік адсорбциялық-тотығу технологиясын қолдану» ғылыми жобасы аясында Дулати университетіне Барселона университеті делегациясы ресми іссапармен келді.

Делегация құрамында мобильдік және сыртқы байланыстар жөніндегі вице-декан Carmen Sans Mazon және химия саласының маманы, профессор Julia Nieto-Sandoval болды. Қонақтарды Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова және «Химия және химиялық технология» кафедрасының зерттеушілері қабылдады.

Кездесу барысында тараптар жоғары білім беру саласындағы халықаралық әріптестікті кеңейту, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамыту, студенттер мен оқытушылар алмасу мүмкіндіктерін арттыру мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар, экологиялық технологиялар саласындағы өзекті ғылыми бағыттар, әсіресе ағынды суларды тазарту және заманауи инженерлік шешімдерді енгізу бойынша бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу перспективалары кеңінен талқыланды. Тараптар ғылыми жобаларды бірігіп жүзеге асыру арқылы тәжірибе алмасуды күшейту және халықаралық деңгейде жаңа зерттеу нәтижелеріне қол жеткізуге ниетті екенін білдірді.

Кездесу соңында екі университет арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға және ұзақ мерзімді ғылыми-білім беру байланыстарын дамытуға бағытталған нақты қадамдар айқындалды.