Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ҚЫТАЙДЫҢ ЖЕТЕКШІ ТОҚЫМА КӘСІПОРЫНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында өткен халықаралық форумның іскерлік бағдарламасы аясында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің делегациясы Чжэцзян провинциясындағы жетекші тоқыма кәсіпорындарына барып, өндіріс орындарының қызметімен танысты.

 

Өндіріс орындарын аралау барысында делегация мүшелері мата өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік үдерісті, автоматтандырылған желілер мен роботтандырылған басқару жүйелерінің жұмысын, өнім сапасын цифрлық бақылау технологияларын, материалдарды сынақтан өткізетін заманауи зертханалардың қызметін, сондай-ақ «ақылды» тоқыма өнімдері мен экологиялық таза өндіріс бағытындағы инновациялық әзірлемелерді көрді.


Сондай ақ өндірісті цифрландыру деңгейі, жобалау мен матаны пішу кезеңдерінде жасанды интеллект технологияларын қолдану, сондай-ақ жеткізу тізбегін тиімді басқаруға арналған заманауи шешімдер университет мамандарының ерекше қызығушылығын тудырды.

Сапар барысында кәсіпорындардың басшылық құрамымен және жетекші мамандарымен кездесулер өткізіліп, өзара ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, университет студенттерінің Қытай кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтуі, тоқыма технологиялары мен материалтану саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ өндірісті автоматтандыру бағытындағы Қытай тәжірибесін университеттің білім беру үдерісіне енгізу мәселелеріне басымдық берілді.

Кездесу барысында қытайлық әріптестер Дулати университетінің ғылыми-білім беру әлеуетіне жоғары баға беріп, оны Орталық Азиядағы сенімді серіктестерінің бірі ретінде атап өтті.

Өндіріс орындарымен танысу университет өкілдеріне қазіргі тоқыма индустриясының жұмыс ерекшеліктерін жан-жақты зерделеп, саладағы білікті мамандарға қойылатын заманауи талаптарды бағамдауға мүмкіндік берді.
Сапар барысында жинақталған тәжірибе университеттің білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, зертханалық базасын жаңғыртуға, жеңіл өнеркәсіптегі цифрлық технологияларға арналған жаңа оқу курстарын әзірлеуге және отандық өндіріс орындарымен өзара байланысты нығайтуға негіз болмақ.

Халықаралық форумға қатысу, Халықаралық Жібек желісіне мүшелікке қабылдану және Қытайдың озық өндіріс орындарының жұмысымен танысу – М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге, білім мен ғылымның сапасын арттыруға, сондай-ақ университеттің әлемдік білім беру кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігі мен беделін нығайтуға бағытталған маңызды қадам.