Дулати университетінде «Наурыз – жаңару мен жаңғыру мерекесі!» атты айрықша мерекелік думан аясында зиялы қауым өкілдері мен ардагерлерге оқу орнының ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы кеңінен таныстырылды. Салтанатты шараға арнайы қатысқан Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров университет ұжымымен бірге стратегиялық маңызы бар нысандарды аралап, заманауи зерттеу бағыттарымен танысты.
Атап айтқанда, А.С. Ахметов атындағы наноинженерлік зерттеу әдістері ғылыми-зерттеу зертханасында геотехника, су ресурстары мен геофизикалық зерттеулер, құрылыс саласына арналған STEAM технологиялары, мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау мен цементтеу бағыттарындағы жұмыстар ұсынылды. Зертхана базасында жүргізіліп жатқан жобалар өндірістік және ғылыми тұрғыдан маңызды нәтижелерге бағытталған.
Сонымен қатар, Физика-химиялық зерттеулер орталығында су тазарту, химиялық заттарды синтездеу және жаңа материалдарды әзірлеу салаларындағы заманауи технологиялар көрсетілді. Орталықта қолданылатын құрал-жабдықтар мен зерттеу әдістері қонақтардың қызығушылығын тудырды.
Жеңіл өнеркәсіп бағытындағы «Shoe center» және «Tex4Future. Design in textile» орталықтары мен материалдар сапасы және бейтоқыма композициялық материалдар зертханасында өндірістік үдерістер мен жаңа дизайндық шешімдер таныстырылды. Мұнда аяқ киім өндірісінің сапасын бағалау және тоқыма өнімдерін әзірлеу бойынша тәжірибелік жұмыстар көрсетілді.
Сондай-ақ, қонақтар университет кітапханасына барып, оның кітап қоры, цифрлық ресурстары және оқырмандарға жасалған заманауи жағдайларымен танысты.
Ұсынылған ғылыми нысандар университеттің білім беру, ғылым және өндіріс бағыттарын тиімді ұштастырып отырған көпсалалы орталық екенін көрсетті.








