Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ ЖОБАСЫ АЛҒАШҚЫ МОНИТОРИНГТЕН СӘТТІ ӨТТІ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті базасында жүзеге асырылып жатқан АР26197175 «Штампталған траншеяларда ростверктері бар таспалы қадалы іргетастар орнату жұмыстарын жүргізу технологиясын әзірлеу» ғылыми жобасы бойынша жүргізілген мониторинг сәтті аяқталды.

Жоба 2025 жылдан бастап университеттің «Ә.С. Ахметов атындағы Наноинженерлік зерттеу әдістері» ғылыми-зерттеу зертханасы базасында іске асырылуда. Ғылыми жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2025–2027 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру бағдарламасы аясында №273/25-27 ГФ келісімшарты бойынша орындалуда.

АР26197175 жобасы штампталған траншеяларда ростверктері бар таспалы қадалы іргетастар орнату технологиясын әзірлеуге бағытталған. Жоба аясында Қазақстанда патенттелген жаңа технологиялық тәсілдер мен арнайы қағылмалы мөртабандар қолданылуда.

Ғылыми зерттеу барысында эксперименттік, теориялық және сандық зерттеулер кешені жүргізіліп, таспалы қадалы іргетастарды орнатудың озық кешенді технологиясын әзірлеу көзделген. Сонымен қатар, штампталған траншеяларда ростверктері бар қадалы іргетастардың жүк көтергіш қабілетін анықтау әдістері жасалмақ.

Мамандардың айтуынша, жоба нәтижелері қадалы ростверктерді орнатудың қазіргі қымбат технологияларын оңтайландырып, тұрғын үй құрылысының құнын 15–25%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Әсіресе, күрделі инженерлік-геологиялық жағдайларда көпқабатты ғимараттар салуда технологияның тиімділігі жоғары болмақ.

Мониторингті «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ сарапшылар тобы жүргізді. Бағалау барысында зерттеулердің өзектілігі, ғылыми әдіснаманың негізділігі, жабдықтарды сатып алудың тиімділігі және күтілетін нәтижелерге қол жеткізу шаралары қарастырылды.

Нәтижесінде АР26197175 ғылыми жобасы алғашқы мониторингтен сәтті өтіп, сарапшылар тарапынан оң бағаланып, әрі қарай жалғастыру және қаржыландыру үшін ұсынылды.

Жоба ұжымы ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетіне, «Озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар» бағыты бойынша ҰКК-ге, «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ сарапшыларына, университет басшылығына және жоба орындаушыларына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.