Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ ЖОБАСЫ ҰМҒТСО МОНИТОРИНГІНЕН СӘТТІ ӨТТІ

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан АР22786059 «Жасанды интеллект негізінде веб-ресурстардағы семантикалық талдау әдістері мен алгоритмдерін әзірлеу арқылы туристердің қызығушылықтары мен қалауларын анықтау» ғылыми жобасы М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті базасында сәтті жүзеге асырылуда.

Жобаға кезекті мониторинг жүргізіліп, оның нәтижесінде ғылыми зерттеу жұмысы Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының (ҰМҒТСО) оң бағасына ие болды. Мониторинг қорытындысы жобаның өзектілігін, ғылыми нәтижелердің сапасын және зерттеудің одан әрі даму әлеуетінің жоғары екенін көрсетті.

Ғылыми жоба аясында Қазақстанның туристік саласының қазіргі жағдайына кешенді талдау жүргізілді. Сонымен қатар, жасанды интеллект әдістерін пайдалану арқылы веб-ресурстардан алынған мәтіндік деректер негізінде туристердің қызығушылықтары мен мінез-құлық ерекшеліктері анықталды. Табиғи тілдерді өңдеу (NLP) технологияларын қолдану арқылы KazSATR гибридті семантикалық талдау әдісі әзірленді.

Зерттеу нәтижелері туристік саланы стратегиялық тұрғыда дамытуға, пайдаланушылардың сұранысына сәйкес тиімді шешімдер қабылдауға және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жоба жетекшілері мен зерттеу тобы Ғылым комитетіне, ҰМҒТСО сарапшыларына, университет басшылығына және ғылыми ұжым мүшелеріне қолдау мен сенім үшін алғыс білдірді.