Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨНЕРПАЗДАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАДА ТОП ЖАРДЫ

Дулати университетінің студенттері Астана және Алматы қалаларында өткен XVIII Республикалық пәндік олимпиадада жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Жоғары оқу орындарының студенттері арасында ұйымдастырылған беделді додада университеттің «Театр режиссурасы және актерлік өнер» және «Хореография» мамандықтарының білім алушылары кәсіби шеберліктерін дәлелдеп, жүлделі орындарды иеленді.

Олимпиада қорытындысы бойынша университет қоржыны бірнеше марапатпен толықты. Атап айтқанда, «Сахна қозғалысы» және «Сахна сайысы» пәндері бойынша «Пластикалық қойылым» номинациясында «Маугли» қойылымымен 3-курс студенттері Сүйіндік Жанат мен Ошақбай Ақнұр  ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Сондай-ақ, «Театр режиссурасы» пәні бойынша 2-курс студенті Әуесхан Олжас А. Баймұхаметовтің «Құдайдың балалары» шығармасынан үзінді ұсынып, ІІ орынды иеленді. ІІІ дәрежелі диплом «Драматургиялық шығармалардан монолог» номинациясында Қ. Мұраттың «Куәгер» монологын орындаған 3-курс студенті Төрежан Үмітке  бұйырды. Сонымен қатар, «Хореография» білім беру бағдарламасы бойынша университеттің «Томирис» командасы ІІІ орынға ие болды.

Бұдан бөлек, «Мәдени-тынығу жұмысы» бағыты бойынша «Мәдени-тынығу жұмысындағы жасанды интеллект: Жаңа модельдер мен болашақ» тақырыбындағы жоба да жоғары бағаланып, Дулати университетінің «Өнер лабораториясы» командасы ІІІ орынға ие болды.

Айта кетейік, олимпиада барысында қазылар алқасы құрамында белсенді қызмет атқарып, жас таланттарды даярлауға қосқан үлесі үшін университет оқытушысы Айгүл Қабиқызы арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды.

Жеңімпаздар мен жетекшілерді құттықтаймыз! Сіздердің таланттарыңыз бен қажырлы еңбектеріңіз әр сахнада көрініс тауып, болашақтағы үлкен жетістіктерге жол ашатынына сенімдіміз!