Жаңалықтар

«DULATY – FASHION DAY»: I ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СӘН, ДИЗАЙН ЖӘНЕ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ

Креативті индустрия форумының 4-күні  М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ұйымдастыруымен «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «DULATY – FASHION DAY» атты I Халықаралық сән, дизайн және өнер фестивалі өтті.

Фестивальдің негізгі мақсаты – сән, костюм дизайны, көркем және сәндік-қолданбалы өнер салаларындағы шығармашылық әлеуетті таныту, ұлттық мұра мен заманауи дизайнды ұштастыру, сондай-ақ отандық және халықаралық дизайнерлер арасындағы кәсіби байланысты нығайту. Сән көрсетілімінің салтанатты ашылуында Дулати университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева сөз алып, фестивальдің мән-маңызын айтты. Халықаралық дода  шеберлер арасындағы бәсеке ғана емес, ең бастысы тәжірибе алмасу, жаңа серіктестік байланыстар орнату және отандық сән индустриясын әлемдік деңгейде насихаттау алаңы екенін тілге тиек етіп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен және шетелден келген жоғары оқу орындарының өкілдері, дизайнерлер, суретшілер, сән индустриясының мамандары мен шығармашылық қауымдастық мүшелері қатысты. Еліміздің жоғары оқу орындарынан бөлек Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Молдова елінен келген барлығы 30 жоғары оқу орнының өнерпаздары аталмыш өнер додасында бақ сынады.

Фестиваль бағдарламасы аясында көркем шығармашылық және сәндік-қолданбалы өнер бойынша халықаралық байқаулар ұйымдастырылып, сән және костюм дизайны бағытындағы қатысушылардың шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды.

Сән және костюм дизайны бойынша халықаралық байқау бағдарламасында «Этникалық жанрдағы костюм», «Pret-a-porter», «Авангардтық костюм», «Кешкі сәндік киім», «Эко-сән» және «Fashion Accessories» номинациялары бойынша сән көрсетілімдері өтті.

Қазылар алқасының құрамына дизайн, өнер және сән саласының мамандары енді. Қатысушылардың шығармашылық жұмыстары бағаланып, қорытындысы ертең Taraz Creative Industries 2026 Креативті индустриялар форумының марапаттау жиынында белгілі болмақ.