Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің делегациясы Дулати университетіне жұмыс сапарымен келді. Делегация құрамында PhD, қауымдастырылған профессор Э. Уайдуллақызы, аға оқытушылар Г.Е. Тоқмырзаева, Д.А. Архабаева және А.У. Керейбаева бар.
Делегацияны Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова және «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің деканы Айсұлу Тұрарова қабылдады.
Кездесу барысында тараптар екіжақты серіктестікті одан әрі дамыту мәселелерін талқылап, білім беру үдерісін жетілдіру, оқу бағдарламаларын жаңарту және академиялық байланыстарды кеңейту бағытында пікір алмасты. Сонымен қатар, жоғары білім беру жүйесіндегі заманауи талаптар ескеріліп, білім беру мазмұнын жаңғырту, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Академиялық ұтқырлықты дамыту арқылы оқытушылар мен студенттердің кәсіби әлеуетін арттырудың маңыздылығы атап өтілді.
Іс сапар шеңберінде Қызылорда университетінің оқытушылары «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының студенттеріне арнайы дәрістер өткізді. Дәрістер барысында бастауыш мектептегі тәрбиелеу жұмысының теориясы мен технологиясы, білім беру мекемелеріндегі әдістемелік жұмыстар және бастауыш мектептегі жаратылыстану және дүниетануды оқыту әдістемесі кеңінен қамтылды. Аталған сабақтар студенттердің теориялық білімін тереңдетіп қана қоймай, олардың практикалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Кездесу екі университет арасындағы серіктестікті тереңдетіп, болашақ педагог мамандардың кәсіби дамуына тың серпін берді.



