Университет қабырғасында Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша Департамент басшысы Азиз Әлиевпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында екі тарап өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған екіжақты меморандумға қол қойды.
Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева құттықтау сөз алып, бүгінгі таңда білім беру жүйесі мен практикалық саланың өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі аса маңызды екенін атап өтті. Ректордың айтуынша, студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыру – сапалы кадр даярлаудың басты шарттарының бірі. Осы тұрғыда сот органдарымен орнатылған әріптестік университет үшін үлкен мүмкіндік екенін жеткізді. Ал, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша Департамент басшысы Азиз Әлиев меморандумның құқық саласындағы кадрлық әлеуетті арттырудағы маңыздылығына тоқталды. Ол сот жүйесі мен жоғары оқу орындары арасындағы тығыз байланыс жас мамандарды даярлауда жаңа мүмкіндіктер ашатынын, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне және нақты істермен танысуына жол ашатынын атап өтті.
Аталған ынтымақтастық шеңберінде тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, студенттердің өндірістік және диплом алдындағы тәжірибеден өтуін қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізетін болады. Бұдан бөлек, құқық саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған кездесулер өткізу жоспарланып отыр.
Жиында баяндама жасаған Тараз қалалық сотының судьясы Кулян Сатыбалды студенттердің кәсіби дағдыларын дамытуда тәжірибенің рөлі ерекше екенін айтты. Маманның пікірінше, болашақ заңгерлер сот процесінің нақты жұмысымен ерте танысқан жағдайда ғана бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасады. Сонымен қатар, ҚР Сот әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Персоналды басқару бөлімінің басшысы Фариза Ешенқұлова сот жүйесіндегі кадрлық саясат пен өзара ынтымақтастықтың маңыздылығын жан-жақты түсіндіріп өтті.
Кездесу соңында «Экономика және құқық» факультетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері мамандармен меморандум аясында жүзеге асырылатын болашақ жобалар мен бастамалар жөнінде пікір алмасты. Қонақтар университет басшылығына ерекше алғыстарын білдіріп, білім ордасы алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сенімдерін білдірді.




