Университет қабырғасында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Жасыл ел – жарқын келешек» тақырыбында эко-конференция жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұйымдастыру комитеті: Әлеуметтік жұмыс басқармасы және «Жаратылыстану ғылымдары» факультеті.
Конференция мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді әрі ұқыпты пайдалану арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Модератор әрі Әлеуметтік жұмыс басқармасының маманы Ербол Мамедалиев экологиялық тақырыпқа қатысты ойларын ортаға салып, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне тоқталып өтті.
Жиын барысында алғашқы болып сөз алған Басқарма мүшесі- Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Ғазиз Досмахамбетұлы университетте экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтіп, жастардың табиғатқа жанашырлық көзқарасын арттыру бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі екенін жеткізді. Ол қоршаған ортаны қорғау тек бір реттік акция емес, тұрақты өмір салтына айналуы керектігін баса айтты. Ал, Жамбыл облысы экология департаментінің аналитикалық талдау зертханасының меңгерушісі Жахангер Назарбеков өңірдегі экологиялық ахуалға тоқталды. Ауа мен су сапасына қатысты жүргізіліп жатқан мониторинг жұмыстары туралы айтып, экологиялық мәселелерді шешуде ғылыми негізделген тәсілдердің маңызын түсіндірді. Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті, Экология және тіршілік әрекеттерінің қауіпсіздігі білім беру бағдарламаларының жетекшісі, т.ғ.к. Анар Жұмадилова су ресурстарын тиімді пайдалану, су тапшылығының алдын алу және ирригациялық жүйелерді жетілдіру бағытындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Болашақ мамандардың экологиялық жауапкершілігі жоғары болуы қажет екенін ерекше атап өтті. Дулати университетінің PhD докторы, қауымдастырылған профессор Эльмира Мадалиева экологиялық білім берудің рөлі туралы баяндама жасап, студент жастардың экологиялық жобаларға белсенді қатысуы қоғам дамуына оң әсер ететінін жеткізді. Университет деңгейінде жүзеге асырылып жатқан экологиялық бастамаларға да тоқталды. Сонымен қатар, университет студенті Алтынай Асан да сөз сөйлеп, студент жастардың экологиялық мәдениеті мен табиғатты қорғауға қосып жатқан үлесі туралы ойымен бөлісті. Ол жастардың мұндай бастамаларға қатысуы олардың азаматтық жауапкершілігін арттыратынын атап өтті.
Жиын соңында сұрақ-жауап бөлімі ұйымдастырылып, қатысушылар экология саласына қатысты өзекті сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Пікір алмасу барысында экологиялық мәселелерді шешу жолдары, жасыл технологияларды енгізу және қоғамның экологиялық сауатын арттыру бағыттары кеңінен талқыланды.
М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Медиа орталығы



