Жаңалықтар

«ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ» ФАКУЛЬТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Экономика және құқық» факультетінің бітіруші түлектеріне салтанатты диплом тапсыру кеші өтті.

Жиынға университет басшылығы, оқытушылар, мемлекеттік органдар мен серіктес ұйымдардың өкілдері, ата-аналар және түлектер қатысты.

Жиын барысында Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Рысгүл Құдретуллаева құттықтау сөз сөйлеп, түлектердің оқу жылдарындағы еңбегін жоғары бағалады. Ол жас мамандарға сәттілік тілеп, алдағы өмірде биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді. Сондай-ақ, оқу озаттары мен қоғамдық және ғылыми белсенділігімен ерекшеленген студенттерге ерекше тоқталып, оларға үздік дипломдар мен Алғыс хаттар табыстады. Ал, Аппарат басшысы Мирас Тұрғынбаев университетте студенттерге заманауи білім беру бағдарламалары негізінде сапалы білім мен тәжірибе алуға барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Ол түлектерді құттықтап, кәсіби жолында сәттілік тіледі.

Салтанатты рәсімге өңірдің сот, прокуратура, полиция, мемлекеттік қызмет және түрлі мекемелердің басшылары мен өкілдері қатысты. Олар түлектерге дипломдарын табыстап, жас мамандарға ақ жол тіледі.

Мерекелік атмосфера концерттік бағдарлама, ән мен би шашуларымен жалғасын тапты. Сахна төрінде өнерпаз студенттер өз өнерлерін паш етіп, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Әсем әуендер мен әсерлі би қойылымдары кештің сәнін кіргізіп, салтанатты жиынға көтеріңкі рух берді.

Түлектерге жарқын болашақ, толағай табыс және сәтті кәсіби жол тілейміз!