Жаңалықтар

ҒЫЛЫМИ БАСЫЛЫМДАР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Университет қабырғасында «Ғылыми басылымдар» компаниясының басшылығымен кездесу ұйымдастырылды. 

Басқосуға халықаралық «Ғылыми басылымдар» компаниясының директоры Марина Ященко, Ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры Қабдушев А.А., Ғылыми-зерттеу қызметі бөлімінің инженері Ким П.В., университеттің ғылыми басылымдар редакциясының маманы Атенов Е.И. қатысты.

Кездесу мақсаты – профессор-оқытушылар құрамы мен жоғары оқу орындарына ғылымиметриялық көрсеткіштер мен ғылыми жарияланымдар саласында ұйымдастырушылық сүйемелдеу және консалтингтік қолдау көрсету мүмкіндіктерін таныстыру.

Ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры Қабдушев А.А. университеттің халықаралық ғылыми-ақпараттық кеңістіктегі орнын нығайтуға ұмтылатынын атап өтті. Бұл бағытта Scopus және Web of Science халықаралық дерекқорларындағы жарияланымдар санын арттыру мен ғылымиметриялық көрсеткіштерді жақсарту маңызды екені айтылды.

Кездесу барысында профессор-оқытушылар құрамының жарияланымдық белсенділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Университеттің ғылыми басылымдар редакциясының маманы Атенов Е.И. ғылыми журналдарды Scopus және Web of Science базаларына енгізу талаптары жөнінде сұрақтар қойды. Тараптар келіссөздер барысында Дулати ғалымдарының жарияланымдық белсенділігін арттыру тетіктерін, университет журналдарын халықаралық дерекқорларға индекстеу мәселелерін және ғылыми этиканың заманауи стандарттарын енгізу жолдарын талқылады. Сонымен қатар, отандық ғылыми зерттеулерді халықаралық деңгейде ілгерілету құралдарына ерекше көңіл бөлінді. Университет өкілдері «Ғылыми басылымдар» компаниясымен әріптестік жас зерттеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, өңірлік жоғары оқу орнының ғылыми беделін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Кездесу соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, алдағы уақытта ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді.