Университет қабырғасында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әйел – сұлулықтың әуені» атты салтанатты кеш ұйымдастырылды. Ұйымдастыру комитеті: «Филология және әлеуметтік ғылымдар» факультеті.
Кештің мақсаты – қазақ әйелінің қоғамдағы айрықша рөлін айқындау, ананың даналығы мен мейірімін ұлықтау арқылы жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру.
Салтанатты кешті Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева құттықтау сөзбен ашты. Ол аналардың қоғамдағы орны айрықша екенін атап өтіп, әйел – отбасының ұйытқысы әрі ұлт тәрбиесінің негізін қалаушы тұлға екенін айтты. Ана мейірімі мен парасаты елдің рухани байлығы екенін, ал олардың еңбегі мен төзімі қоғам дамуының маңызды тіректерінің бірі екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, университеттегі әйел оқытушылар мен қызметкерлердің білім мен ғылым саласындағы еңбегін жоғары бағалап, олардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталды.
Кеш шымылдығы студенттерден құралған топтың орындауындағы «Ана» әнімен түрілді. Әсерлі орындалған туынды көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, ананың қоғамдағы рөлі туралы заманауи AI технологиялары негізінде дайындалған мазмұнды визуалды презентация ұсынылды. Онда ана бейнесі – отбасының тірегі, тәрбие мен ізгіліктің бастауы ретінде кеңінен сипатталды.
Кештің маңызды бөлімдерінің бірі – «Қазақстанның танымал тұлғаларын дүниежүзіне танытқан аналар» атты арнайы құрмет көрсету сәті болды. Бұл бөлімде еліміздің спорт және өнердегі танымал тұлғаларды тәрбиелеген аналар таныстырылды. Атап айтқанда, дзюдодан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің анасы Тоқтағұл Сметова, қазақ күресінің белгілі балуаны Бейбіт Ыстыбаевтің анасы Ләззат Ыстыбаева, эстрада әншісі Ернар Айдардің анасы Күлман Махмудова және танымал әзілкеш, интернет жұлдызы Арман Жаналиевтің анасы Ұлбосын Жаналиева құрмет төрінен көрінді.
Қонақтар студенттермен ашық форматта сұхбаттасып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Тоқтағұл Сметова бала тәрбиесінде тәртіп пен еңбекқорлықтың маңызын айтса, Ләззат Ыстыбаева ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиенің рөліне тоқталды. Күлман Махмудова шығармашылық жолды таңдаған балаға сенім мен сабыр қажет екенін тілге тиек етті. Ал, Ұлбосын Жаналиева ата-ана мен бала арасындағы ашық қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті. Кездесу студенттерге терең әсер қалдырды.
Кеш барысында ана тақырыбындағы әндер шырқалып, поэзиялық шығармалар оқылды. Әдеби-музыкалық композициялар мен театрландырылған көріністер сахналанды. Факультеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері дайындаған шығармашылық нөмірлер аналарға деген құрмет пен алғыстың айқын көрінісіне айналды. Сонымен қатар, қазақ ойшылдарының әйел мен ана туралы нақыл сөздері оқылып, тағылымды ойлар ортаға салынды.
Салтанатты кеш соңында қонақтар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, шараның мазмұнды әрі тәрбиелік мәні жоғары деңгейде өткенін ерекше ықыласпен сөз етті.






