Жаңалықтар

«ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА» ҚОРЫНЫҢ ТҮЛЕКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде «Қазақ халқына» қоғамдық қорының білім беру гранты арқылы білім алған алғашқы түлектерге арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған «Қазақ халқына» қоғамдық қоры әлеуметтік осал топтарға жан-жақты қолдау көрсетіп, жастардың қолжетімді әрі сапалы жоғары білім алуына жағдай жасап отыр.

Аталған бағдарлама арқылы Дулати университетіне жалпы саны 112 студент қабылданған болатын. Бүгінде олардың 70-і оқуын жалғастырып жатыр. Ал 2026 жылы осы бағдарламаның алғашқы түлектері университет қабырғасынан қанат қақты. Биыл қордың қолдауымен білім алған 17 студент оқуын сәтті аяқтап, диплом иегері атанды.

Осы айтулы оқиғаға орай, «Қазақ халқына» қоғамдық қоры түлектерге арнайы Алғыс хаттар мен төсбелгілер жолдады. Марапаттарды университеттің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Рысгүл Құдретуллаева салтанатты түрде табыстады. Проректор құттықтау сөзінде түлектердің табандылығы мен еңбегін ерекше атап өтіп, алған білімдерін ел игілігі жолында тиімді пайдалануға шақырды. Өз кезегінде, түлектер де өздеріне көрсетілген қолдау мен сенім үшін қор басшылығына, университет ұжымына және оқытушыларға алғыстарын білдірді.

Түлектерді шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы өмір жолдарыңызға сәттілік, биік белестер мен толағай табыстар тілейміз!