Университет қабырғасында Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева Технологиялық факультеттің профессор-оқытушылар құрамымен кездесу өткізді.
Кездесу мақсаты – факультеттің білім беру сапасын арттыру, ғылыми әлеуетін күшейту және стратегиялық даму бағыттарын айқындау.
Жиын барысында университет басшысы факультеттің қазіргі жағдайы мен жетістіктеріне тоқталып, алдағы кезеңде білім беру және ғылым саласында басымдық берілетін бағыттарды белгіледі. Атап айтқанда, өндіріс пен білім беру арасындағы байланысты нығайту, дуалды оқыту жүйесін кеңейту, студенттердің практикалық дағдыларын жетілдіру – басты міндеттердің бірі екені айтылды. Сонымен қатар, ғылыми жобаларды қолдау, стартап бастамаларды дамыту және инвесторлармен тиімді серіктестік орнату мәселелері көтерілді. Ләззат Қалымбекқызы ғылымға инновацияларды енгізу, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жобаларды кеңейту арқылы университеттің халықаралық беделін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Биотехнология, робототехника, жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар бағытындағы білім беру бағдарламаларын жетілдіру университеттің стратегиялық басымдықтарының бірі екені атап өтілді. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру, заманауи технологияларды енгізу және студенттердің шығармашылық әлеуетін дамыту қажеттігі айтылды.
Кездесу барысында Технологиялық факультеттің қалыптасу тарихы мен жетістіктері сөз болды. Факультет қабырғасынан шыққан белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері оқу орнының абыройын арттыруға үлес қосқаны атап өтілді. Осы орайда, факультет пен университеттің беделін одан әрі нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігі айтылды.
Жиын ашық форматта өтіп, профессор-оқытушылар құрамы білім беру бағдарламаларын жетілдіру, ғылыми жобаларды дамыту және заманауи технологияларды енгізу бойынша ұсыныстарын білдірді. Университет басшысы айтылған пікірлерді назарға алып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Кездесу соңында факультетті дамытуға бағытталған стратегиялық міндеттер айқындалып, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарлары нақтыланды.




