Университет қабырғасында кеңейтілген Ғылыми кеңес мәжілісі ұйымдастырылды. Жиында университеттің стратегиялық дамуы, оқу-әдістемелік жұмыстары және алдағы емтихан сессиясына дайындық мәселелері талқыланды.
Мәжілістің барысында Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева университеттің биылғы оқу жылында атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Ректор баяндамасында білім орданың негізгі көрсеткіштері мен жетістіктерін атап өтті. Университеттің халықаралық және республикалық рейтингтердегі позициясын нығайту бойынша атқарылған қадамдар, студенттер мен оқытушылар үшін қолайлы орта қалыптастыру және материалдық-техникалық базаны жаңарту бағытындағы жұмыстар ерекше назарға алынды. Сондай-ақ, ғылыми жобалардың қаржыландырылуы мен инновациялық зерттеулердің нәтижелілігі жайлы баяндалды. Ректор өз сөзінде университет ұжымына жаңа міндеттер қойып, білім сапасын арттыру мен цифрландыру үдерісін жеделдетудің маңыздылығын атап өтті.
Мәжіліс соңында университеттің беделін арттыруға үлес қосқан қызметкерлер мен студенттерді марапаттау рәсімі өтті. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын сапалы дайындауға, референдумды ұйымдастыру мен өткізуге атсалысып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге қосқан елеулі үлестері үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен Сейтжан Орынбаев, Дина Құлбаева және Бақыт Әлмұратов марапатталды. Сонымен қатар, Тарихи тұлғалардың өмірін зерттеуге және «Қазақ қоғамындағы әулеттер: тарихы, тағдыры және тағлымы» атты халықаралық конференцияның жоғары деңгейде өтуіне қосқан үлесі үшін «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Альбина Мақсұтова ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің экс-төрағасы А. Шпекбаевтың Алғыс хатымен және «Сәмен батыр» қорының төсбелгісімен марапатталды. Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы Отан соғысы ардагеріне хат» атты республикалық байқаудың қорытындысы бойынша Дулати университетінің студенті Жания Абдіманап І орын иеленіп, арнайы Дипломмен марапатталды.
Аталған марапаттар университет ұжымы мен студенттерінің мемлекеттік істерге белсенді араласуы мен ғылыми-шығармашылық ізденістерінің жоғары нәтижесі болып табылады. Марапат иелерін құттықтаймыз! Ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге сәттілік тілейміз!




