Жаңалықтар

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде экономика ғылымдарының докторы, профессор Алданыш Арыстанғалиұлы Нұрымовтың 85 жылдығына арналған «Қазақстандағы цифрлық экономика жағдайында қаржы және банк жүйесінің, мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың дамуының заманауи сын-қатерлері мен келешегі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Ұйымдастыру комитеті: Дулати университеті және  Есіл университеті.

Ауқымды ғылыми басқосуға отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, мемлекеттік органдардың өкілдері, жас зерттеушілер мен магистранттар қатысты. 

Конференцияның мақсаты – цифрлық экономика жағдайында қаржы және банк жүйесін дамыту, мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың өзекті мәселелерін талқылау және ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеу. Сонымен қатар, профессор Алданыш Нұрымовтың ғылыми мұрасы мен мемлекеттік басқару саласына қосқан үлесін зерделеу.

Конференция аясында бірқатар маңызды рәсімдер мен салтанатты жиындар өткізілді. Атап айтқанда, профессор Алданыш Нұрымов атындағы «Аудит және талдау LAB» дәрісхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Лентаны техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Оскенбай Мадиев және М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева қиды. 

Ләззат Еркінбаева құттықтау сөз алып, жаңа кабинет студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, аудит, қаржылық талдау және мемлекеттік бақылау саласында кәсіби дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін заманауи оқу-ғылыми орта болатынын атап өтті. Сонымен қатар, ректор мұндай оқу кеңістіктері цифрлық экономика жағдайында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға жол ашатынын айтып, профессордың ғылыми мұрасының жастарға үлгі екенін жеткізді.

Салтанатты лента қию рәсімі аяқталғаннан кейін конференцияның пленарлық отырысы басталып, ғылыми бағдарламаның негізгі жұмысы жалғастырылды. Пленарлық бөлім аясында профессор А.А. Нұрымовтың өмірі мен қызметіне арналған еске алу видеоролик ұсынылды. Модератор әрі М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева сөз алып, профессордың отандық ғылымның дамуына қосқан үлесі ерекше екенін атап өтіп, бүгінгі жиынның ғылыми қауымдастық үшін маңызы зор екенін жеткізді. Сонымен қатар, цифрлық экономика жағдайында қаржы саласын жаңғырту мәселелері өзекті бағыттардың бірі екенін баса айтты. 

Конференция жұмысы барысында онлайн форматта бірқатар құрметті қонақтар сөз сөйлеп, жиынның  маңыздылығына тоқталды. Мәселен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова елімізде ғылым мен білім саласын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ол қаржы және аудит саласындағы зерттеулердің сапасын арттыру қажеттігін жеткізіп, мұндай халықаралық алаңдардың тәжірибе алмасудағы рөлі жоғары екенін айтты. Ал, Мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы Қырымбек Көшербаев қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында экономиканың барлық саласында жаңа тәсілдер қажет екенін атап өтті. Қаржы және банк жүйесін дамытуда ғылыми негізделген шешімдердің маңызы зор екенін жеткізді. Сонымен қатар, Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерулан Жамаубаев қаржы нарығының тұрақтылығын сақтау және оны одан әрі дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Цифрландыру үдерісі банк секторына жаңа мүмкіндіктермен қатар, бірқатар сын-қатерлер әкелетінін сөз етті.

Пленарлық отырысқа офлайн форматта қатысқан қонақтар да сөз сөйлеп, басқосудың ғылыми және практикалық ерекшелігіне тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Есеп комитетінің экс-төрағасы,мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымының докторы Омархан Өксікбаев мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру мәселелеріне назар аударып, қаржылық бақылаудың ашықтығы мен тиімділігін арттырудың маңыздылығын жеткізді. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Өскенбай Мадиев ғылым мен инновацияның экономикалық дамуындағы рөлін атап өтіп, жаңа технологияларды енгізу арқылы қаржы саласын дамыту қажеттігін айтты. Есіл университетінің ректоры Аяпберген Таубаев жоғары білім беру жүйесінде қаржы саласына білікті мамандар даярлаудың маңызына тоқталды. Ол заманауи талаптарға сай кадрлар дайындау – уақыт талабы екенін жеткізді.  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрым еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін тиімді қаржы саясатын қалыптастырудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, заңнамалық тұрғыда қаржы жүйесін жетілдіру бағытында жұмыстар жалғасып жатқанын жеткізді. Есіл университетінің бірінші проректоры Серік Макыш ғылым мен білімнің өзара байланысын нығайту қажеттігін атап өтіп, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін тәжірибеде қолданудың маңыздылығын сөз етті.

Пленарлық отырыс барысында маңызды халықаралық академиялық қадам жасалып, Есіл университеті мен Дулати университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Келісім аясында екі тарап оқытушылар мен студенттер алмасуын дамытуға, бірлескен ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізуге, ғылыми зерттеулер мен жобаларды бірге жүзеге асыруға келісті. Сонымен қатар, академиялық бағдарламалар, тағылымдамалар, біліктілікті арттыру курстары және қос диплом бағдарламаларын дамыту жоспарланған. Тараптар аталған меморандум екі университет арасындағы ғылыми және академиялық байланысты нығайтып, білім беру саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге шығаратынын ерекше ықыласпен сөз етті.

Басқосу барысында отандық және шетелдік жетекші ғалымдар өз баяндамаларын ұсынып, қаржы-экономика саласындағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының басқару институтының профессоры Алтай Зейнельгабдин жаңа заңнама аясында нақты секторды қолдаудың фискалдық құралдарына тоқталды. Ол экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуде мемлекеттік қолдау тетіктерінің маңызы зор екенін атап өтті. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Зағира Искакова Қазақстандағы салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру мәселелерін көтерді. Салық жүйесін жетілдіру арқылы бюджет кірістерін ұлғайтуға мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Қырғыз Республикасынан келген профессор Бейшенбек Ишенов жаһандық қаржы жүйесіндегі доллардың рөліне талдау жасап, оның геоэкономикалық ресурс ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, қазіргі кезеңде валюта нарығындағы өзгерістердің экономикаларға әсерін жеткізді. Ал, Профессор Серік Тәжібаев бухгалтерлік есеп пен ақпараттық қамтамасыз ету негізінде басқарушылық шешімдер қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Ол сапалы есеп беру жүйесі ұйымдардың тиімді жұмыс істеуінің басты факторларының бірі екенін жеткізді. Есіл университетінің профессоры Мұрат Алиев заманауи технологиялардың бухгалтер мамандығына әсерін талдап, есеп жүргізушінің рөлі стратегиялық кеңесші деңгейіне дейін кеңейіп келе жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, цифрлық трансформацияның мамандарға жаңа талаптар қоятынын атап өтті.

Жалпы, баяндамашылар өз сөздерінде қаржы және банк жүйесін дамыту, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу және бухгалтерлік есеп пен аудиттің жаңа бағыттарын қалыптастыру мәселелерін кеңінен қамтыды. Конференция қатысушылары үшін ұсынылған баяндамалар тәжірибелік маңызы зор ғылыми ақпарат көзіне айналды.

Жиын барысында университетпен тығыз әріптестік байланыста жүрген, ғылым мен білім саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Есеп комитетінің экс-төрағасы Омархан Өксікбаевқа «Құрметті профессор» атағы беріліп, М.Х. Дулати атындағы «Үздік табыстары үшін» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова да М.Х. Дулати атындағы «Үздік табыстары үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Сонымен қатар, экономика ғылымдарының докторы, профессор Алданыш Нұрымовтың өмірі мен ғылыми қызметіне арналған «Өнегелі өмір» атты кітаптың салтанатты тұсаукесері өтті. Бұл еңбек ғалымның көпжылдық ғылыми-педагогикалық жолын, экономикалық ғылымның дамуына қосқан үлесін және отандық жоғары білім жүйесіндегі еңбегін кеңінен қамтиды. Кітаптың тұсаукесер рәсімінде лента қию құрметі арнайы шақырылған құрметті қонақтарға берілді. Атап айтқанда, Есіл университетінің бірінші проректоры, академиялық мәселелер жөніндегі  проректор, экономика ғылымының докторы, профессоры Серік Макыш және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қаржы кафедрасының профессоры, экономика ғылымының докторы Зағира Искакова
қиды. Қонақтар аталған кітаптың жас ғалымдар мен студенттер үшін маңызды ғылыми-танымдық еңбек екенін атап өтіп, оның мазмұны профессор А.А. Нұрымовтың ғылыми мұрасын жан-жақты танытатынын жеткізді.

Жиын соңында қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталып, конференция жоғары ғылыми деңгейде және жылы атмосферада аяқталды. Қонақтар университет басшылығы мен ұйымдастырушыларға мазмұнды әрі жүйелі өткізілген жиын үшін алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Медиа орталығы