Дулати университетінде Қазақстан мен Оңтүстік Корея жастарының ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған халықаралық қысқы мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған басқосу «53-ші WFK PAS жастар еріктілері бағдарламасы» аясында ұйымдастырылып, Pacific Asia Society (Тынық мұхиты – Азия қоғамдастығы) халықаралық ұйымының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Қысқы мектептің ашылуына дейін PAS ұйымының өкілдері университет басшылығымен ресми кездесу өткізді. Қонақтарды Басқарма Төрағасы – Ректорының у.м.а. Сейтжан Орынбаев қабылдады.
Ресми кездесуге PAS ұйымының топ жетекшісі, профессор Ко Ён Ми, жетекшінің орынбасары, профессор Пак Ми Ён, Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есимова, Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Гүлнұр Исабекова қатысты.
Кездесу барысында Сейтжан Әуесжанұлы PAS ұйымының волонтерлік бастамаларының маңыздылығын атап өтіп, мұндай халықаралық жобалар жастардың дүниетанымын кеңейтіп, мәдениетаралық өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететінін айтты. Сонымен қатар, Дулати университетінің халықаралық серіктестікті дамытуға ашық екенін атап өтіп, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы білім беру және мәдени-гуманитарлық байланыстардың жылдан жылға нығайып келе жатқанын жеткізді. Университет пен PAS ұйымы арасындағы серіктестікке алғысын білдіріп, болашақта бірлескен жобалардың жалғасын табатынына сенім білдірді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы білім беру және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Ресми кездесуден кейін халықаралық қысқы мектептің салтанатты ашылу рәсімі концерттік бағдарламамен өз жалғасын тапты. Ашылу салтанатына университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, PAS ұйымының өкілдері мен Оңтүстік Кореядан келген еріктілер қатысты.
Салтанатты ашылу барысында PAS ұйымының топ жетекшісі, профессор Ко Ён Ми сөз сөйлеп, Қазақстанда өтіп жатқан қысқы мектептің маңыздылығына тоқталды. Ол PAS ұйымы үшін Қазақстанның ерекше орны бар екенін атап өтіп, екі ел жастары арасындағы достық пен өзара түсіністікті дамытуға бағытталған жобалардың болашағы зор екенін айтты. Сонымен қатар, Дулати университетінің ұжымына жылы қабылдау мен шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
Қысқы мектептің негізгі мақсаты — Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы мәдени байланыстарды тереңдету, тіл үйренуге деген қызығушылықты арттыру арқылы жастар арасында достық пен өзара түсіністікті нығайту.
53-ші волонтерлік миссия аясында Қазақстанға Оңтүстік Кореядан 28 жас ерікті келді. Олар қазақстандық студенттермен бірлесе отырып, білім беру және мәдени бағыттағы түрлі іс-шараларға белсенді қатысады.
Қысқы мектеп бағдарламасы аясында қатысушылар үшін:
• корей тілі мен мәдениеті,
• қазақ тілі мен мәдениеті бойынша сабақтар өткізіледі.
Сонымен қатар, сабақтан тыс мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, Тараз және Алматы қалаларына экскурсиялық турлар жоспарланған. Бұл кореялық еріктілерге қазақ халқының салт-дәстүрі, тарихы және қазіргі өмірімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.
Pacific Asia Society (PAS) халықаралық ұйымы 1994 жылы құрылған және Корея Республикасының Сыртқы істер министрлігінде ресми тіркелген. 1997 жылдан бері ұйым Корея Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Білім министрлігі, KOICA және ұлттық университеттердің қолдауымен әлемнің түрлі елдеріне 10 743 жас волонтерді жіберген.
Салтанатты ашылу рәсімінің соңында тараптар алдағы қысқы мектеп жұмысына сәттілік тілеп, қатысушыларға мазмұнды сабақтар, жемісті тәжірибе және жарқын естеліктер тіледі.





