Университет қабырғасында Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің ректоры Сергей Филатов бастаған делегацияны қабылдады.
Кездесу мақсаты — стратегиялық әріптестікті дамыту және білім беру мен ғылым саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру.
Кездесуге Басқарма Мүшесі–ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев қатысып, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы РХТУ филиалын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, қос диплом бағдарламаларын жүзеге асыру, білім берудің жаңа форматтарын енгізу, ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты күшейту, заманауи зертханалық және ғылыми инфрақұрылымды дамыту бағыттары қарастырылды.
Кездесу барысында қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобаға ерекше мән берілді. Бұл жоба инженерлік кадрларды даярлаудың жаңа үлгісін қалыптастыруға бағытталған. Жаңа модель химия саласының нақты қажеттіліктеріне және өңірлік экономиканың сұранысына бейімделген.
Сапар аясында делегация университеттің зертханаларымен, материалдық-техникалық базасымен және жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобаларымен танысты. Сондай-ақ, ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, ғылыми зерттеулерді күшейту және жаңа бастамаларды іске қосу бойынша нақты қадамдар талқыланды. Нәтижесінде еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие кәсіби мамандар даярланып, өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылады.
Кездесу соңында алдағы жоспарлар легіне жан-жақты талдау жасалып, білім саласындағы даму жолында қарқынды жұмыстардың жалғасын табатындығымен қорытындыланды. Қонақтарымыз университет басшылығына ерекше алғыстарын білдіріп, білім ордасы алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сенімдерін білдірді.



