Университет қабырғасында «Қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу: тәсілдер мен үздік тәжірибелер» тақырыбында воркшоп ұйымдастырылды.
Басқосу мақсаты – университеттегі білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру, халықаралық академиялық байланыстарды нығайту және қос дипломды білім беру жүйесін дамытуға бағытталған тиімді тәжірибелермен бөлісу.
Воркшопқа университеттің профессор-оқытушылар құрамы,кафедра меңгерушілері, білім беру бағдарламаларын әзірлеушілер және Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Басқосуды Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Рысгуль Кудретуллаева ашып, қос дипломды бағдарламаларды әзірлеу кезінде оқу үдерісін дұрыс жоспарлау мен академиялық талаптарды үйлестірудің маңыздылығына тоқталды. Ол мұндай бағдарламаларды жүзеге асыру жоғары оқу орындары арасындағы тығыз әріптестікті талап ететінін атап өтіп, бірлескен білім беру жобалары университеттің халықаралық беделін арттыруға және білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Кездесу барысында қатысушылар қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеудің негізгі қағидаттары мен оларды іске асыру тетіктерін талқылады. Сонымен қатар, оқу жоспарларын үйлестіру, академиялық талаптарды сәйкестендіру, серіктес университеттермен бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру және студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту мәселелері қарастырылды.
Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова сөз алып, университеттің халықаралық деңгейде дамуы мен серіктестік байланыстарын кеңейту қос дипломды бағдарламаларды енгізудің негізгі басымдықтарының бірі екенін жеткізді. Сонымен қатар, воркшоптың жаңа идеяларды талқылауға, тәжірибе алмасуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қатысушылар бірнеше жұмыс топтарына бөлініп, нақты білім беру бағдарламалары бойынша ұсыныстар әзірледі. Әрбір топ қос дипломды бағдарламаларды кезең-кезеңімен енгізу жолдарын қарастырып, оларды іске асырудың алдын ала жол карталарын дайындады.
Воркшоп соңында жұмыс топтары құрылып, қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеудің алдын ала жол карталары жасалды. Сондай-ақ, болашақта бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін әлеуетті шетелдік университеттер анықталды. Қатысушылар өз кезегінде ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.




