Жаңалықтар

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Университет қабырғасында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» тақырыбында конституциялық реформа мәселесін талқылауға  дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Басқосуға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, республикалық коалицияның мүшелері Мұқаш Зұлқарнайұлы және Мүтәлі Абутәліп, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық коалицияның мүшесі Дауыл Ынтықбайұлы, Жамбыл облыстық қан орталығының директоры, облыстық коалицияның мүшесі Гулам Умаров қатысты.

Жиынның мақсаты – алдағы республикалық референдум аясында ұсынылған конституциялық өзгерістерді түсіндіру, жастардың пікірін тыңдау және ашық диалог алаңын қалыптастыру.

Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева алғы сөз алып, ел дамуының жаңа бағытын айқындайтын бастамалар төңірегінде ашық әрі мазмұнды пікір алмасудың айрықша мәнге ие екенін атап өтті. Өз сөзінде, университет тек білім мен ғылым ордасы ғана емес, жастарды ойлы, саналы және ел тағдырына бейжай қарамайтын азамат етіп тәрбиелейтін орта екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, жастарды өз пікірін ашық білдіруге, ұсыныстар жасауға және әрқайсысының мемлекет дамуындағы рөлін сезінуге шақырды. Мұндай диалогтар жастарға өз көзқарасын қалыптастыруға, болашақ шешімдерге белсенді қатысуға мүмкіндік беретінін сөз етті.

Жиын барысында Мұқаш Зұлқарнайұлы конституциялық реформаның ел дамуы үшін стратегиялық маңыздылығына тоқталып, бұл өзгерістер әділетті әрі тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, жастардың саяси үдерістерге белсенді қатысуы – Жаңа Қазақстанды құрудағы басты факторлардың бірі екенін жеткізді. Ал, Мүтәлі Абутәліп цифрландыру үдерістеріне ерекше тоқталып, заманауи технологиялардың мемлекеттік басқару мен қоғамдық қатынастардың ашықтығын қамтамасыз етудегі рөліне назар аударды. Ол цифрлық трансформация елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті. Сонымен қатар, Дауыл Ынтықбайұлы коалиция жұмысының маңыздылығына тоқталып, қоғаммен тұрақты кері байланыс орнату басты басымдықтардың бірі екенін жеткізді. Ол конституциялық өзгерістер халықтың сұранысы мен заман талабынан туындағанын сөз етті. Ал, Гулам Умаров білім мен ғылым саласының ел дамуының негізі екенін жеткізді. Ол ғылым мен инновацияны қолдау арқылы ғана Қазақстанның тұрақты әрі прогрессивті дамуына қол жеткізуге болатынын атап, жас ғалымдар мен студенттердің зерттеушілік әлеуетін арттыруға жағдай жасау маңызды екенін жеткізді.

Басқосу еркін пікір алмасу форматында жалғасын тапты. Студенттер өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Қатысушылар конституциялық өзгерістерге қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп, ашық диалог жүргізді.

Кездесу соңында ұйымдастырушылар жастарды республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырып, әрбір дауыс ел болашағына қосылған үлес екенін жеткізді. Білімгерлер өз тарапынан келелі кездесу үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.