Жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕРДІ ДӘРІПТЕГЕН ШЕБЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

2025 жылдың наурыз айында Тараз қаласында өткен «Қызғалдақ мұра – 2025» фестивалі аясында көлемі 200 шаршы метрді құрайтын алып текемет жасалды. Аталған жобаға «Дизайн және сән индустриясы» кафедрасының оқу шебері Сейтказиева Лаззат Каратаевна белсене қатысып, ұлттық қолөнерді ұлықтауға елеулі үлес қосты.

Жоба нәтижесінде Сейтказиева Лаззат Каратаевна Қазақстан рекордтар кітабы – КИнЭС-2025 нұсқасы бойынша рекордтар кітабының кейіпкері атанды. Арнайы сертификатты Қазақстан рекордтар кітабының бас редакторы Қ.Тазабеков табыстады.
 
Осыған орай, Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева марапат иесін айтулы жетістігімен құттықтап, бұл табыстың оқу орны үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті. Ректор өз құттықтауында ұлттық өнерді дәріптеу – болашақ ұрпаққа рухани мұра қалдырудың маңызды жолы екенін жеткізіп, алдағы шығармашылық бастамаларына табыс тіледі.

Айта кетейік, 200 шаршы метрлік алып текемет – қолөнер шеберлерінің бірлесіп атқарған үлкен еңбегінің жемісі. Бұл жоба ұлттық мұрамызды кеңінен насихаттап, қазақстандық қолөнершілердің шеберлігін көпшілікке, тіпті халықаралық деңгейде танытуға жол ашты. Марапат иесін құттықтаймыз! Ұлттық өнерді ұлықтау жолындағы еңбегіңіз жемісті болып, алар асуларыңыз көп болсын!