Жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ КИІМ МЕН ӨНЕР ДӘРІПТЕЛГЕН МЕРЕКЕЛІК ЖИЫН ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Көктемнің жаңаруымен бірге келетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында университет қабырғасында «Мәдениет пен өнер» және «Ұлттық киім және салт-дәстүр» күніне арналған мерекелік жиын ұйымдастырылды. Ұйымдастыру комитеті: «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасы.

Мерекелік жиынның мақсаты – салт-дәстүрлерді жаңғырту арқылы ұлттық рухты көтеру және мәдени мұраны кеңінен насихаттау.

Жиынға Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Ләштайқызы, Ассамблея басшысы Мубарак Жинақбаева, Облыстық аналар кеңесі төрайымы Эльмира Мырзағали, Облыстық әйелдер және отбасы ісі жөніндегі бөлім басшысы Зәуре Мұратқызы, Қалалық іскер әйелдер кауымдастығының төрайымы Жанат Ертаева, Республикалык дүнген аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова, Аманат партиясының Әйелдер қанаты Дәмеш Шайхықызы, Аманат партиясының қанаты Рахия Сейтбекқызы, Қалалық іскер әйелдер қауымдастығының орынбасары Орынқыз Көпбосынқызы қатысты.

Жиынды Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева құттықтау сөзбен ашып, жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Өз сөзінде Наурыз мейрамының ұлт үшін маңызы ерекше екенін атап өтіп, бұл мереке – бірлік пен татулықтың, жаңару мен жақсылықтың бастауы екенін жеткізді. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеу – әрбір азаматтың парызы екенін айтып, жастарды салт-дәстүрді құрметтеуге, мәдени мұраны сақтауға үндеді.

Мерекелік кештің шымылдығы қазақы күймен түріліп, көрермендерге рухани атмосфера сыйлады. «Наурыздағы көрісу!» атты театрландырылған қойылым арқылы мерекенің терең мәні мен халқымыздың ізгі дәстүрлері сахна тілінде көркем бейнеленді. Қойылымды «Мәдениет және өнер» кафедрасы мен «Дулати» жастар театры жоғары деңгейде сахналады.

Кеш барысында ұлттық киімдер дефилесі көрермен назарына ұсынылып, қазақы нақыштағы киімдер ұлт болмысының сәні мен сымбатын айшықтады. Дәстүрлі ән мен би өнері кештің көркін одан әрі арттырды. Сонымен қатар, ақ жаулықты аналар қазақы дәстүрге сай шашу шашып, бауырсақ таратты. Бұл сәт қатысушыларға ерекше жылулық пен қуаныш сыйлады.

Мерекелік кеш соңында қонақтар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, Наурыз мейрамы әр шаңыраққа береке мен бірлік әкелсін деген ізгі тілектерін жеткізді.