Жаңалықтар

МҰҒАЛІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

Университет қабырғасында «Цифрландыру жағдайында физика және информатика пәндерін оқытудың мазмұны мен әдістерін жетілдіру» тақырыбында облыстық әдістемелік семинар ұйымдастырылды. Ұйымдастыру комитеті:  «Физика және информатика» кафедрасы мен Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығы.

Семинарға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар, студенттер, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері мен физика және информатика пәні мұғалімдері қатысты.

Семинар мақсаты – цифрландыру жағдайында физика және информатика пәндерін оқытудың мазмұнын жаңғырту, заманауи цифрлық білім беру ресурстары мен инновациялық педагогикалық технологияларды тиімді қолдану арқылы мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру.

Семинарды Академиялық жұмыс жөніндегі департамент директоры Сауле Алимбаева алғы сөзбен ашып, оқу процесін ұйымдастыруда заманауи тәсілдерді енгізудің тиімділігін және білім сапасын арттырудағы цифрлық технологиялардың рөлін талдады. Ал, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының басшысы Шахризада Өсерова өңірдегі білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары мен цифрландыру үдерісінің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, мұғалімдердің кәсіби дамуына қолдау көрсету бағытындағы негізгі басымдықтарға тоқталды.

Семинар барысында білім беру үдерісіндегі өзекті тақырыптар жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, жасанды интеллект арқылы білім алушылардың білім деңгейін автоматты бағалау мүмкіндіктері қарастырылды. Жаратылыстану бағытында жобалар жазу арқылы оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін дамыту жолдары талқыланды. Орта мектептегі физикалық эксперименттердің қазіргі жағдайы мен болашағы сараланып, өзін-өзі дамыту мүмкіндіктері сөз болды. Білім беру үдерісінде интерактивті тапсырмалар құрастыру тәжірибесі көрсетіліп, информатика пәнін оқытудың инновациялық әдістері мен цифрлық құралдары кеңінен талқыланды. Физика пәнінде білім сапасын қамтамасыз етудегі цифрлық бағалау құралдарының маңыздылығы атап өтілді.

Семинар соңында ұстаздар цифрлық ресурстарды тиімді қолдану дағдыларын жетілдіріп, білім сапасын арттыруға бағытталған нақты әдістемелік ұсыныстар ұсынды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.