Жаңалықтар

М.Х. ДУЛАТИ АТЫНДАҒЫ ТАРАЗ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҰЛЫБРИТАНИЯ ЕЛШІЛІГІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

2026 жылғы 14 шілдеде М.Х. Дулати атындағы Тараз университетіне Астанадағы Ұлыбритания Елшілігінің Климат және жасыл даму бағытының жетекшісі Томас Пирсон бастаған делегация арнайы сапармен келді.



Сапардың мақсаты – университеттің қызметімен, ғылыми-білім беру әлеуетімен және даму басымдықтарымен танысу, сондай-ақ тұрақты даму, «жасыл» экономика және климаттық күн тәртібі бағыттарында Ұлыбританияның жоғары оқу орындары және өзге де ұйымдарымен ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылау болды.

Университет тарихымен танысу

Делегация сапары университеттің тарих музейін аралаудан басталды. Қонақтар оқу орнының бай тарихымен, іргетасы қаланған күннен бергі қалыптасуы мен даму кезеңдерімен танысты.

Томас Пирсон мен делегация мүшелеріне университеттің әр жылдардағы көрнекті ғалымдары мен оқытушыларына қатысты бірегей жәдігерлер, мұрағат құжаттары, тарихи фотосуреттер және жеке заттар таныстырылды.

Қонақтар университеттің өңірдің ғылыми-техникалық және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін, сондай-ақ ондаған жылдар бойы қалыптасқан халықаралық байланыстарын айқындайтын материалдарға ерекше қызығушылық танытты.

Экскурсия барысында музейдің құрылу тарихы, экспозициялары және оның академиялық мұраны сақтаудағы, сондай-ақ жастарға тағылымды тәрбие берудегі маңызы жан-жақты таныстырылды

Кездесуде талқыланған негізгі тақырыптар

Кездесу барысында Қазақстанның жасыл даму бағытына қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда:
 • су қауіпсіздігі және ирригация;
 • агротехнологиялар мен тұрақты ауыл шаруашылығы;
 • биоалуантүрлілікті сақтау және экологиялық мониторинг;
 • климаттық тұрақтылық және жаңартылатын энергия көздері;
 • инновациялар және өңірлік даму.

Тараптар өңірлік жоғары оқу орындарының дәлелді саясатты қалыптастыруға, заманауи дағдыларды дамытуға, қоғаммен тиімді өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ Ұлыбританияның жоғары оқу орындарымен, сарапшыларымен және компанияларымен практикалық әріптестік орнатудағы рөліне ерекше назар аударды

Ынтымақтастықтың келешегі

Университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Қалымбекқызы Еркінбаева оқу орнының халықаралық ынтымақтастықты дамытуға әрдайым ашық екенін атап өтті. Атап айтқанда:
 • тәжірибе алмасу және академиялық ұтқырлықты дамыту;
 • бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру;
 • халықаралық бағдарламалар мен бастамаларға қатысу;
 • Ұлыбританияның жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен және бизнес қауымдастығымен ынтымақтастықты кеңейту.

Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, бірлескен жұмыстың нақты бағыттарын пысықтау жөнінде уағдаласты.