Университет қабырғасында мектеп түлектеріне арналған «Дулати олимпиадасы» аясында «Спорт» бағыты бойынша ауқымды олимпиаданың ашылу салтанаты ұйымдастырылды.
Олимпиадаға Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыружәне спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тәуірбек Қарауыл, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, университеттің құрметті профессоры Ғалымжан Жылгелдиев және Жамбыл облысының танымал спортшылары қатысты.
Олимпиада мақсаты – оқушылардың спорттық дайындық деңгейін анықтау арқылы дарынды жастарды іріктеу және жоғары оқу орнына түсуге ынталандыру. Сонымен қатар, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортқа деген қызығушылықты арттыру.
Ашылу салтанатында Басқарма мүшесі- Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректорының м.а. Ғазиз Досмахамбетұлы құттықтау сөз алып, олимпиаданың жастар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Спорт тек жеңіске жетудің құралы ғана емес, еңбекқорлық пен табандылыққа тәрбиелейтінін жеткізді. Сонымен қатар, университет ұсынған оқу жеңілдіктері жас спортшыларға сапалы білім алып, кәсіби дамуына жол ашатынын ерекше ықыласпен сөз етті.
Олимпиада қатысушылары үшін ерекше мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге университет тарапынан оқу ақысына жеңілдіктер ұсынылады:
• І орын – 100% грант
• ІІ орын – 75% грант
• ІІІ орын – 50% грант
Жеңілдіктер таэквондо, бокс және дзюдо спорт түрлері бойынша беріледі.
Салтанатты ашылу барысында 11–12 сынып оқушылары белгіленген тәртіп бойынша тіркеуден өтті.
Салтанатты рәсімнен кейін таэквондо спорт түрі бойынша жарыс ұйымдастырылды. Тартысты сайыс өз мәресіне жетіп, боз кілемде жоғары шеберлік пен жігер танытқан үздік спортшылар анықталды. Жеңімпаздар тек медальдарға ғана емес, білім алуға берілетін маңызды мүмкіндіктерге де ие болды. Марапатты жеңімпаздарға Ғазиз Досмахамбетұлы табыстап,жылы лебізін жеткізді
Марапат иелерін құттықтаймыз! Алдағы уақытта басқа да спорт түрлері бойынша сайыстар жалғасады. Барлық қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тілейміз!




