Жаңалықтар

«МЕНДЕЛЕЕВ СЫНЫПТАРЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ СЕРТИФИКАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ

Тараз қаласында «Менделеев сыныптары» білім беру жобасының түлектеріне сертификат табыстау рәсімі ұйымдастырылды. Аталған жоба — М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті мен Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің бірлескен бастамасы болып табылады. Жоба индустриялық серіктес — «Қазфосфат» ЖШС-нің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Жыл сайын қазан айынан мамыр айына дейін Тараз қаласының 10–11 сынып оқушылары үшін ұйымдастырылатын бұл жоба химия өнеркәсібі саласына болашақ мамандарды даярлауға бағытталған. Үш жыл қатарынан табысты іске асырылып келе жатқан бастама нақты нәтижелер көрсетіп, өзінің тиімділігін дәлелдеуде.

Жобаға 2023 жылы 50 оқушы қатысып, олардың 22-сі оқу бағдарламасын сәтті аяқтап, сертификат иегері атанды. Бұл түлектердің 86% 2024 жылы ашылған Д.И. Менделеев атындағы РХТУ-дың Тараз филиалына оқуға түсіп, бүгінде «Бейорганикалық заттар технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша білім алуда. Олар Қазақстан мен Ресейдің қос дипломын алу мүмкіндігіне ие. Екінші жылы жобаға 75 оқушы қатысып, олардың 58-і бағдарламаны сәтті аяқтап, сертификат алды. 2025–2026 оқу жылында 56 оқушы қабылданып, олар оқу жылы бойы аптасына үш рет Тараз филиалындағы дәрістерге қатысып, зертханалық жұмыстар жүргізіп, профильдік пәндерді меңгерді. Нәтижесінде 40 оқушы оқу бағдарламасын сәтті аяқтап, сертификат иегері атанды.

Салтанатты кеште Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова құттықтау сөз алып, «Менделеев сыныптары» жобасының өңір үшін стратегиялық маңызы бар екенін жеткізді. Ол бұл бастама мектеп оқушыларын ерте жастан ғылымға баулып, химия саласына бейім білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ал, Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті филиалының директоры Николай Макаров өз сөзінде жобаның табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, оқу бағдарламасының сапасы мен тәжірибелік сабақтардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, Филиалдың атқарушы директоры Салтанат Телеуова жобаның жүйелі түрде дамып келе жатқанын айтып, қатысушылардың зертханалық жұмыстар мен профильдік пәндер арқылы кәсіби дағдыларын жетілдіріп жатқанын атап өтті. Барлық түлектерді құттықтап, алдағы оқу мен ғылым жолында сәттілік тіледі.

 «Менделеев сыныптары» жобасы — химия саласы үшін білікті кадрларды ерте кезеңнен даярлауға бағытталған тиімді білім беру моделі ретінде өз маңызын дәлелдеп келеді.

Түлектерді шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы оқу жолында толағай табыс, биік жетістіктер, ғылым мен білім саласында жаңа белестерді бағындыруға деген зор сенім мен табандылық тілейміз!